Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық қызметі дәрігерлерінің мәліметінше, үшемді Көкшетау қаласының тұрғыны 29 жастағы әйел дүниеге әкелді. Бұл Ақмола облысында биыл дүниеге келіп отырған алғашқы үшем.
«Бізде жыл басы үшемнің дүниеге келуі сияқты қуанышты жаңалықпен есте қалды. Қазір аналар мен балалардың жағдайы тұрақты. Балалар жақсы салмақ жинауда», — деді Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық қызметінің дәрігерлері.
Дәрігерлер атап өткендей, нәрестелер табиғи жолмен, яғни ЭКҰ немесе басқа да қосалқы репродуктивті технологияларды қолданусыз дүниеге келді. Бұл Раушан есімді әйлдің екінші рет босануы, оның бұған дейін бір баласы бар. Сәбилердің есімдерін ата-аналары Кәрім, Әлім, Әлихан деп қойды.
Дәрігерлердің сөзінше, әйелдің жүктілігі қалыпты болды, балалар мерзімінен бұрын, жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келді. Екі сәби 2кг 244 гр салмақта дүниеге келді, бір сәби ағалары арасында ең кішкентай болып шықты, ол 2кг 023 гр салмақта дүниеге келді. Бұл үшем үшін өте жақсы көрсеткіш.
Қазіргі уақытта облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері сәбилерді күту бойынша барлық тиісті шараларды жүргізуде.