Өскелең ұрпақ арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру шеңберінде Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 28 ақпан мен 4 наурыз аралығында аты аңызға айналған ұшқыш-штурмовикке, Қазақстан авиациясының генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновке арналған тоқсан сайынғы «Адалдық сағаты» акциясын өткізеді.
Талғат Бигелдинов небәрі 20 жасында өзінен үлкен жиырмадан артық ұшқышқа басшылық етіп, ешқандай шығынсыз Кеңес әскерін жеңіске жеткізген еді. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атағын алған тұңғыш қазақ атанған ол жас болсаң да, таудай іс тындыруға болатындығын дәлелдеді.
Талғат Бигелдинов тек батырлықтың, ерліктің және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы ғана емес, сонымен қатар адамгершілік пен қарапайымдылықтың, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсете білген жан. Оның замандастары Талғат Бигелдиновтің өмірінде жарқын, қарапайым, мақсатты адам болғанын, оған көмек сұрап жүгінгендерге үнемі көмектесетінін айтқан.
Бейбіт уақытта Талғат Бигелдинов азаматтық авиация және құрылыс салаларында жемісті еңбек етіп, өзінің ұйымдастырушылық және адамгершілік қасиеттерімен басқаларға үлгі болды.
Талғат Бигелдинов ұзақ та, жарқын өмір сүрді. Оның жолы жас ұрпаққа үлгі болуға лайық, соғыстың батыры өзі де бірнеше рет жастармен кездесіп, әскери ерліктері мен сол кездегі кеңестік халықтың рухы туралы әңгімелеп беретін.
«Соғыс болсын деп ешқашан қаламаймын. Бірақ егер осындай ауыртпалық басымызға түссе, Алла бермесін, сіздер және немере-шөберелеріміз бізден кем болмай, жауларға соққы берсін! Біздің өсиетіміз осындай», — деп бата береді екен үнемі аты аңызға айналған ұшқыш.
Бейне-дәріс облыстық телеарнада көрсетілуде, сондай-ақ, Youtube арнасында, Департаменттің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында орналастырылған. Аталған акцияға өңірдегі 555 мектептің, 4 ЖОО-ның және 32 колледждің оқушылары қатысты.
Бейне-дәріске сілтеме:
https://kokshetautv.kz/kz/archive/programs/programs_ruh/adaldyksagaty/1261626