Жұма, Мамыр 3, 2024
6.6 C
Kokshetau
11 C
Nur-Sultan
18 C
Almaty
ЖаңалықтарҚазақстанКиелі мекенде жас журналистер арасындағы байқау жалғасуда

Киелі мекенде жас журналистер арасындағы байқау жалғасуда

Бүгін жас журналистер арасындағы тартысқа толы байқаудың екінші күні өтіп жатыр. Ескі шаһардың сән-салтанатына сай бола тұра, заман талабына икемделіп, өзгеше түрленген Түркістан еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттерді құшақ жая қарсы алды. Солтүстік пен Онтүстік,  Батыс пен Шығыс, Орталық  деп бес жұртты түгендеп, дүбірлі доданы тізгіндеп отыр. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», – дегені ғой. Осы бір сөзді қаперге алып, білім бәйгесін өткізіп, «мыңды жығар» талантты тану үшін Түркістан еліндегі білім ордасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті олимпиада өткізіп жатыр.

Журналистердің қарым-қабілетін сынап та көретін, шыңдап та беретін дүбірлі дода жоғарғы деңгейде басталды. Бес қаруын сайлап, қаламын қамдап келген болашақ журналистер бірінші кезеңде-ақ өздерінің мықтылғын танытты. Дайындаған сюжеттері арқылы байқау шарттарына сай, өзекті мәселелерді сан қырынан ашып, зерделеді. Қоғамда айтылуы керек көп түйіткілдің түйінін өздерінше шешуге ұмтылған. Ақпараттық салада жас та болса, бас боларлықтай мамандар қалыптасып келе жатқаны қуантты. Әрбір қатысушы осындай сындардан өту арқылы өзінің кәсібилік деңгейін көтерері сөзсіз. Сұрақ-жауап кезеңінде біліммен бәйгеге түскен, бірінен-бірі оза шауып, «сен тұр, мен атайын» деген қатысушыларды да көрдік. Осыдан-ақ аталмыш сайыстың маңызы ерекше, берері мол екенін аңғаруға болады.

Сайыстың алғашқы күні kahoot платформасында білім мен жылдамдықты қатар көздеген команда капитандары өз деңгейлерін ашық түрде дәлелдеді. Алғашқы күннің қос сынынан өткен қатысушылар облыс деңгейіндегі үш баспасөз бен бір телеарнаны біріктіріп отырған «Алатау медиа» холдингтің ішіндегі кішігірім экскурсияда болдық. Холдинг ішімен танысқаннан кейін  университет ұйымдастырған концерттік бағдарлама басталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында аталмыш оқу ордасының 30 жылдық мерейтойына арналған 30 жобаның таныстырылымы өтті. Мазмұнды шара журналистика саласы бойынша маманданатын студенттердің пәндік олимпиадасы аясында ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, 30 жобаның серіктес мекемелері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының өкілдері, қала тұрғындары, университет ұжымы мен білімгерлер қатысты. Жиынның алғашқы сөз тізгіні университет ректоры Жанар Темірбековаға берілді. Одан әрі 30 жобаның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды.

«Университеттің негізгі миссиялары – білім беру және ғылым-инновацияны дамыту. Бірақ тағы бір маңызды миссия бар – қоғамға пайдалы болу. Бүгін сіздерге таныстырғалы отырған 30 жоба осы идея негізінде пайда болған. Сан саланы қамтитын бұл жобалардың мақсаты: университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетті арттыру және облыс пен қала халқының кәсіби біліктілігін арттыру», – деді ректор.

Бұдан әрі сахнаға ректор өкілі  Женгиз Томар мен вице-ректорлар әр жобаны жеке-жеке таныстырды. Олар жоба туралы идеяның туындағанын, жұмсалған қаражат көлемін, қандай серіктестермен жұмыс жасалғаны туралы жан-жақты әрі шынайы ақпарат берді.

Маңызды 30 жоба құрамында  «Ана жұрттан ата жұртқа –  денсаулық көпірі», «Ана жұрттан ата жұртқа – білім көпірі: 100 оқулық», «Ана жұрттан ата жұртқа – «Алтын білезік» кәсіби білім курстары» және Теология факультетін ашу, «Ясауи көктемгі мектебі» жобасы, «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы», университеттің 300 студентінің Түркия Республикаcына жазғы мектепке жіберілуі, 100 студенттің Түркияда туризм саласы бойынша тағылымдамадан өтуі сынды және тағы басқа да маңызды жобалар бар.

Қазіргі таңда бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Ана жұрттан ата жұртқа – білім көпірі: 100 оқулық» жобасы. Бірегей жоба аясында Түркия Республикасының білікті ғалымдары жазған 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Қазіргі таңда «Қазіргі фикх мәселелері», «Адам ресурстарын басқару», «Өндірісті басқару», «Халықаралық саясат І», «Мемлекеттік басқару», «Қазіргі әлеуметтік теориялар», «Визуалдық веб дизайн», «Зерттеу әдістері», «Эконометрика негіздері», «Алғашқы кезең Ислам тарихы», «Ислам тарихы және өркениеті І және ІІ» деп аталатын 11 оқулықтың аударма жұмыстары жүргізілуде.

Аталмыш оқулықтар жаңа 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енеді. Жарқын жоба 100 оқулық толыққанды аударылғанға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Айтулы шара концерттік бағдарлама форматында өтті. Қонақтардың көңілін көтеру мақсатында өнерпаздар би билеп, ән айтты, аспаптарда ойнап, күй тартты. Әрі қарай қатысушыларға ауызашар беріліп, сапар барысы «Керуен сарай» муниципиальды кешені маңындағы кешкі серуен, фотосессиямен жалғасты.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған  олимпиадада  еліміздің 16 жоғарғы оқу орнынан келген 48 білімгер бақтарын сынауда. Білім бәйгесінің алғашқы күнінде студенттер 2 кезеңнен тұратын байқауға қатысты. Қос кезеңнің нәтижесі бойынша көш басында 76 ұпаймен ЕҰУ-дің «Күлтегін» командасы болса, 75 ұпаймен Тұран мен Қостанай университеті әзірге екінші  орында. Үздік үштікті 73 ұпаймен Сүлеймен Демирель, IT және Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеттері құрап отыр.

Төртінші билікті тізгіндеймін деген студенттердің арасындағы тартыс бүгін де шарттарға сай екінші күнге жалғасуда. Екінші кезеңнің де көтерер жүгі жеңіл емес. Әр қатысушының мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Бірінші, мамандық алдындағы жауапкершілік болса, ендігісі намысын нысана етіп, үмітін үкілеген оқу ордасы мен ұстаздар алдындағы жауапкершілік. Дәл қазір осының бәрін жазып отырған сәтте де ішкі толқуды жасырып, түйген ойыңды түгендеп, толғамыңды қаламға дарытып, қағазға сіңіру оңай емес екенін сезінесің.

Журналист анық сөйлеп, ақиқатты жазуға міндетті. Ол қоғамның қозғаушы күшіне айналып, жақсы өзгерістердің бастамашысы бола білуі керек. Журналистің айтқан сөзі мен жазған ойы, жеткізген дерегі бұқара халықтың санасына әсер етеді. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: халықтың көзі, тілі, һәм құлағы» болады.

Мамандық алдындағы адалдығымыз бен жауапкершілігіміз осы болса керек. Сол жауапкершіліктің салмағын арттыра түскен осы сында бағы пен бабы қатар шауып, бәйгені кім алар деп толқитынымыз анық. Олимпиада барысында еліміздің әр түкпірінен келген болашақ әріптестерімізбен танысып, жаңа орта қалыптастырдық. Сайыс сапары барысында көкейге түйгенімізбен санаға тоқығанымыз аз болмады.

 

Авторы: Камила Абдельманова,

                                       Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және саясаттану факультетінің 3 курс студенті

Жетекшісі: Ертасова Гүлжазира Құдайбергенқызы.

- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты мемлекеттік органдар үшін «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналуы тиіс – Антикор

Ақмола облысы әкімдігінің алаңында жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары жария талқыланды. Кеңес барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары...

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы Қадірлі отандастар! Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын...

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің араласуынан кейін кәсіпкерге ғимаратын кеңейту үшін қосымша жер телімі берілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Осылайша, кәсіпкер С.  Көкшетау қаласының әкімдігіне...

Антикор волонтерлері Көкшетау қаласының №1 ХҚКО-да тегін кеңес береді

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары! А.ж. 25 сәуір күні сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін Көкшетау қаласының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында (мекен-жайы: М.Әуезов көшесі, 189а) Pro bono сыбайлас...

Ақмола облысында әдеп жөніндегі уәкілдерге антикорновеллалар түсіндірілді

Облыс әкімдігінің алаңында өткен кездесуде жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының басты ережелері түсіндірілді. Департаменттің превенция басқармасы...