Көкшетауда қыркүйектің 25-не қарай жылу беріле бастайды. Бұлтуралы «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Руслан Мақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, бүгінгі таңда «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының РК-1 және РК-2 қазандықтары облыс орталығындағы 4942 нысанды жылытады, оған 1025 көп пәтерлі тұрғын үй және 2673 жеке сектор үйі, 116 білім беру нысаны, 46 денсаулық сақтау нысаны, 120 мәдениет және мемлекеттік мекеме нысаны, 962 өнеркәсіп нысаны және өзге де ұйымдар кіреді.
«Көкшетауда жылу беру маусымы қала әкімінің өкімі бойынша халықаралық құрылыс нормаларына сәйкес сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10 градус болған кезде басталады, ол шамамен бес күнге созылуы тиіс. Яғни, осы нормаларға сәйкес, Көкшетауда шамамен жылу 25 қыркүйекке дейін іске қосылады және бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандарына жылу беріледі. Кейін — көп қабатты үйлер, әлеуметтік нысандар, ал ең соңында – жеке сектор қосылады», – деді Руслан Мақышев.
Кәсіпорын басшысы атап өткендей, бүгінгі күні Көкшетау бойынша 936 тұрғын үйдің 874 немесе 82,8 пайызы жылыту маусымына дайын. Сонымен бірге, пәтер иелері жоқ 161 үйдің 62-і дайын емес. Ал, Краснояр ауылындағы тұрғын үйлердің дайындығы 100 пайызды құрайды. Станционный кентінде 19 тұрғын үйдің 18-і дайын, басқару органының болмауына байланысты бір үй дайын емес.