Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Оны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов ашты. Ақмола облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау қорытындысын жариялай келе, ол сайланған депутаттарға куәліктер мен төсбелгілерді тапсырды, деп хабарлайды Koksheinform облыстық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия жұмысын жалғастыра отырып, М.Сәдуов отырысқа облыс әкімі Ермек Маржықпаев, оның орынбасарлары, облыстық әкімдік аппаратының, басқармалар мен ведомстволардың басшылары, сайлау комиссиясының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысатынын атап өтті. Бейнеконференцбайланыс режимінде сессия жұмысына қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ мәслихат төрағалыры қосылды.
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы болып «AMANAT» партиясының мүшесі Бейбіт Жүсіпов сайланды. Бейбіт Айтымұлы өз сөзінде депутат-әріптестеріне көрсеткен сенімі үшін алғыс айтып, облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының жұмысы жемісті болатынына және сайлаушылардың барлық өтініштерін орындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, сессия барысында Ақмола облыстық мәслихатының тұрақты комиссиялары құрылып, олардың төрағалары мен құрамдары сайланды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Марат Қойшыбаев сайланды, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияны Айнагүл Балташева басқаратын болды. Депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Павел Безвербный сайланды. Аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі комиссияны Саят Сыздықов басқарады.
Облыстық мәслихатта көпшілік (32-ден 26) орынға ие болған «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді.
Мәслихаттың кезекті екінші сессиясына 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы мәселені енгізу ұсынылды.
Сессия соңында сөз Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевқа берілді. Ермек Боранбайұлы депутаттарды құттықтап, өңірдің өзекті мәселелерін шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, депутаттық корпуспен бірлесіп шешілетін бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді атап өтті.