Ақмола облысында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының аумақтық кезеңі аяқталды.
Бұл байқаудың мақсаты — жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу болып табылады.
«Конкурсқа қатысу үшін 5 ауылдық округ әкімдерінен өтінім келіп түсті. Өңірлік комиссияның шешімімен жобаларды қарау қорытындысы бойынша Жақсы ауданының Тарасов ауылдық округінің әкімі Құдайбергенова Құралай Қойшыбайқызы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге ұсынылды» — деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі Жазира Сейтмағанбетова.
Құралай Құдайбергенова 2013 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін ауыл шаруашылығы бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы бастап, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің жүйесінде бірқатар лауазымдарда жұмыс істеді.
2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жақсы ауданының Тарасов ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады.
Құралай Қойшыбайқызына республикалық кезеңде сәттілік тілейміз!