Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне бақылаушы мемлекеттік орган тарапынан әкімшілік кедергілерге тап болған мал шаруашылығы саласындағы ЖШС директоры жүгінді.
Белгілі болғандай, кәсіпорын асыл тұқымды ешкілерді өсірумен және ешкі сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Мыңнан астам малды азықтандыру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суару мақсатында ферма иесі арнайы су пайдалануға рұқсатты ұзарту үшін Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясына жүгінген.
Алайда шенеуніктер мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының болмауына байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан. Айта кетерлігі, бұған дейін мемлекеттік орган кәсіпорынға мерзімі өтіп кеткен үш жылдық арнайы су пайдалану рұқсатын берген болатын, бұл мемлекеттік қызметке жүгінуге себеп болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлесіп, проблемалық мәселені зерделеу барысында ЖШС-де экологтардың оң қорытындысы бар екенін анықтады. Бұдан басқа, Су қорын пайдалануды реттеу саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес экологиялық сараптама қорытындысы талап етілмейді, сондықтан мемлекеттік органның бас тартуы негізсіз.
Нәтижесінде бизнес субъектісінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы әкімшілік акт шығарылғаннан кейін кәсіпорынға мал шаруашылығының қажеттіліктері үшін су ресурстарын пайдалануға рұқсат берілді.