ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өкілдерімен кеңауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясындағы кездесулер жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары Сандықтау ауданында жалғасты.
Бұл жолы Департамент басшысы Думан Әбілев іссапарды ауылдық округтерді аралаудан бастады. Күн тәртібіне сәйкес ең алдымен ауданның Максимовка және Балқашино селолық округтері әкімдіктерінің ғимараттарына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының, сервистік әкімдіктің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен танысып, халыққа қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар Департамент басшысы аудан әкімдігінің ғимаратында азаматтарды қабылдап, келіп түскен мәселелерді шешу бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Іссапар соңында ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінің жаңа механизмдері, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, Әдеп кодексінің талаптары, мемлекеттік қызмет саласындағы қағазбастылықты жою, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Жалпы, қазіргі уақытта Департаментпен атқарылып жатқан басты жұмыс бағыттарына сәйкес өзекті мәселелер көтерілді.