Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жергілікті атқарушы орган тарапынан әкімшілік кедергіге тап болған құрылыс компаниясы жүгінді.
Кәсіпорын бұрын сатып алынған жер учаскесінде көп қабатты тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. КЖК-ны одан әрі салу үшін жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасын бекіту үшін компания Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгінген. Айта кетерлігі, бұған дейін мемлекеттік орган бұл жер учаскесін бөлінетін деп анықтаған болатын, яғни жер бөліктерге бөлуге болады.
Алайда, шенеуніктер көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттарының және олардағы мәліметтердің дұрыс еместігінің анықталуына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан.
Өңірдің Антикоррупциялық қызметі проблемалық мәселені зерделеу барысында мемлекеттік қызметті алу үшін қандай да бір дұрыс емес мәліметтер анықтамады, сондықтан меморганның бас тартуы негізсіз болды.
Нәтижесінде Департаменттің жазбаша ұсынымдарынан кейін бизнес субъектісінің жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы бекітілді.