Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев жас мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу туралы толығырақ ақпарат берді.
Кездесуге Ақмола облысы жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері шақырылды.
Думан Әбілев өз сөзінде іс-шараға қатысушылардың назарын осы жобаның маңыздылығына аударып, Президенттік жастар кадр резервінің үздіктердің қатарына қосылып қана қоймай, мемлекеттік аппаратты дамытуға өз үлесін қосудың бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Жыл сайын жобаны іске асыру тәртібінің одан әрі жетілдіріліп отыратыны қуантады. Мысалы, бұл іріктеудің ерекшелігі — нақты салалардағы кадрларға деген қажеттілік ескеріледі, бұл болашақта кадрлық аштықты болдырмауға және мемлекеттік аппаратты барынша кәсібилендіруге мүмкіндік береді. Үміткерлердің басшылық лауазымдарға орналасу үшін емес, өз елі мен халқына пайда әкелу үшін резервке кіруге ұмтылуы маңызды», — деп есептейді іс-шараға қатысушылар.
Департаментпен жақын арада орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және аудан, қала, ауылдардағы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерімен, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік ұйымдардың қызметшілерімен кездесулер жоспарлануда.
Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі