ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шеңберінде өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау көлемін бекіту рәсімін жеңілдету жөнінде ұсыныс енгізді.
Бұған дейін қазақстандық шаруалар субсидияларды уақытылы ала алмай жүргендерін мәлімдеген болатын.
Мәселені зерделеу барысында оның пайда болу себептері анықталды: заңнамада шешім қабылдау рәсіміне қойылатын негізсіз жоғары талаптарға байланысты облыстық әкімдік пен ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялар көлемін бекіту туралы қаулыларды әзірлеуге, келісуге, қабылдауға және әділет органдарында тіркеуге мәжбүр болды.
Осылайша, республика бойынша жергілікті атқарушы органдар өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында айқындалғандай, жыл сайын ақпан айына дейін тиісті қаулылар қабылдап үлгермейтін. Нәтижесінде кәсіпкерлер әкімдіктердің шешімдері әділет органдарында тіркегенге дейін субсидиялауға өтінім бере алмай, егістікке дейін субсидия ала алмай отырған.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттарының бірі – мәннің нысаннан басымдығы, яғни нақты және өлшенетін нәтиженің оған қол жеткізу нысанынан үстемдігі. Бұл жағдайда нормативтік құқықтық актілердің талаптарына байланысты мемлекеттік органдар түпкілікті нәтижеге (кәсіпкерлерді уақтылы субсидиялау) зиян келтіре отырып, жұмыс нысанына (келісу, талқылау, қаулыны тіркеу рәсімдері) тым көп ресурстар жұмсаған.
Осыған байланысты Департамент мониторинг барысында көтерілген кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері негізінде шаруаларға субсидияларын уақтылы төлеуді қамтамасыз ету үшін жоғары тұрған органдарға әкімдіктің мұндай қаулыларын әділет органдарында тіркеу рәсімін алып тастау қажеттігі туралы ұсыныстар енгізді.
Нәтижесінде бүгінгі күні Әділет министрлігі нормаларды, нормативтерді, мөлшерлерді бекіту туралы Нормативтік құқықтық актілерді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілер тізбесіне енгізді, бұл субсидиялар көлемін бекіту туралы әкімдіктердің қаулыларын қабылдау тәртібін айтарлықтай жеңілдетеді және мерзімдерін қысқартады.
Бұл өзгерістер бүкіл ел бойынша шаруашылықтардың субсидияларды уақытылы алуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті