Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласын дамытуға, оның ішінде азаматтық қорғауды қамтамасыз етуге жыл сайын бюджет қаражатының миллиардтаған сомасы бөлінеді. Алайда, олардың бөлінуінің ашықтығы және тиісті бақылаудың болмауы сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін «құнарлы топырақ» екендігі болып отыр. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Асхат Оразхан ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының жеке құрамымен кездесу барысында айтты.
Өңірлік Антикор басшысы атап өткендей, соңғы 5 жылда ел бойынша азаматтық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың 150-ге жуық фактісі тіркелген, олар негізінен парақорлық пен ұрлыққа байланысты. Сонымен қатар, ТЖМ бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлық жасайды.
Спикер кездесуге қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыттары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы маңызды заңнамалық өзгерістерді түсіндірді, сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың дербес жауапкершілігін еске салды.
«Азаматтық қорғау академиясы білікті өрт сөндіруші-құтқарушыларды даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Жыл сайын мұнда еліміздің барлық өңірлерінен мыңдаған жастар келіп түседі, оларды тек кәсіби қасиеттерге ғана емес, сонымен қатар қызметтік борышын адал атқаруға да тәрбиелеу қажет. Бұл үшін, ең алдымен, жеке құрамның арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту қажет»,- деп атап өтті Асхат Оразхан.
Өз кезегінде Академия бастығы Ерлан Әлібеков мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай алдын алу шаралары қабылданып жатқанын айтты.
Мәселен, ЖОО сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауды күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуде. Академия қызметкерлері мен өрт сөндіру бөлімдерінің бастықтары үшін түзеу мекемелеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Биыл «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні бойынша жұмыс оқу бағдарламасы бекітілді. Академия №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру шеңберінде ISO-37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу алгоритмін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар, Асхат Оразхан Академияның зертханалары мен оқу сыныптарына барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.