Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандарының қорғаныс істері жөніндегі жергілікті бірлескен бөлімі басқа мемлекеттің қорғаныс министрлігі берген мұрағаттық анықтамада көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына күмәнданып, мемлекеттік қызметшіге Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушы мәртебесін растаудан бас тартқан. Осыған байланысты өз құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік қызметші ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне жүгінді.
Сонымен қатар, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының әскери билетінде радиоактивті сәулелену дозаларын есепке алу карточкасы мөрмен расталуы тиіс деп есептейді.
Департамент мұрағаттық анықтаманы зерделеп, онда өтініш берушінің Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқаны туралы куәландыратын мәліметтер жеткілікті деген қорытындыға келді.
Радиоактивті сәулелену дозаларын есепке алу карточкасында мемлекеттік қызметші әскери қызмет өткерген бөлімше командирінің қолы бар, бұл ретте құжат нысанында мөр басылатын орын көзделмеген.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген сенімділік презумпциясы қағидатына сәйкес әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі.
Көрсетілетін қызметті беруші тексеру барысында өтініш беруші ұсынған мәліметтердің қате екенін дәлелдеген жоқ, сонымен қатар, осыған дейін Ақмола облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті осы құжаттардың негізінде мемлекеттік қызметшіге жәрдемақы тағайындағаны анықталды.
Шағымды қарау қорытындысы бойынша Департамент мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуды негізсіз деп танып, әкімшілік іс материалдарын өтініш берушінің құқықтарын қалпына келтіру үшін Есіл және Жарқайың аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөліміне жіберу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде оған Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқанын растайтын анықтама берілді, сондай-ақ оның негізінде өтініш беруші заңнамада көзделген жеңілдіктерді алуға мүмкіндік алды.