Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізді. Оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жоспарланған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге бағаны негізсіз көтеру фактілері анықталды — деп хабарлады брифинг барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин.
Мысалы, Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы көпсалалы облыстық аурухана жалпы сомасы шамамен 12,6 млн теңгеге бір данасын 8400 теңгеге медициналық сұйық сабын сатып алуды жоспарлаған болатын, алайда бір сабынның орташа нарықтық құны 3500 теңгені құрайды. Департаменттің уақтылы ұсынысының арқасында ұйым мемлекеттік сатып алу бағасын төмендетті. Нәтижесінде 7,3 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Жыл басынан бері 1 млрд теңгеге жуық ұтымсыз жұмсалуына жол берілмеді.
«Мемлекеттік сатып алу мониторингі бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болдырмауға бағытталған. Сондықтан біз тек жоспарланған мемлекеттік сатып алулардың бағасын бақылайтынымызды атап өтемін. Мұндай жағдайлар белгілеу кезінде мемлекеттік органдарға ұсынымдар жіберіледі, содан кейін тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу жоспарларын қайта қарайды және түзетеді немесе оларды жояды», — деді Айдос Жақиялин.