Бұл қаражаттың бір бөлігі 12 фермерге кезектілік бойынша субсидия ретінде келіп түсті. Қалған қаражат дәл осылай бөлінеді – деп мәлімдеді Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин.
Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына мониторинг барысында өңірлік Антикор бірқатар басты проблемалық мәселелерді анықтады. Олардың ішінде -агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға бөлінетін бюджет қаражатының жеткілікті қаржыландырылмауы, «Gosagro.kz» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жетілмегендігі, сондай-ақ субсидияларды мақсатсыз пайдалану тәуекелдері.
Мысалы, «Gosagro.kz» платформасының кемшіліктеріне байланысты фермерлерге өсімдік шаруашылығын субсидиялауға және инвестициялық субсидиялауға 29 өтінім бойынша жалпы сомасы 88,2 млн теңгеге қосарланған төлемдер негізсіз жүргізілді. Атап айтқанда, ЖШС-нің біріне өзі сатып алған тыңайтқыштар үшін жалпы сомасы 10,2 млн теңгеге екі рет субсидия берілген.
Департамент ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығымен кеңес өткізіп, субсидиялардың негізсіз төлемдерін мемлекетке қайтаруды ұсынды. Қазіргі уақытта бюджетке 74,4 млн теңге қайтарылды.
Бизнеске арналған жер учаскелерін бөлу саласында жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Департаменттің ұсынысы бойынша а.ж. қазан айында мемлекет меншігіне 3 жер учаскесі қайтарылды. Бұған дейін Көкшетау қаласының әкімдігі белсенді салынып жатқан шағын ауданда КТҮ салу үшін оларды сауда-саттықтан тыс берген болатын. Қайтарылған жер учаскелерінің жалпы кадастрлық құны 26 млн теңгені құрайды. Оларды одан әрі бөлуді жер заңнамасына сәйкес жүргізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде облыстық Антикор ерекше бақылауға алынған 15 проблемалық объектінің құрылысы мен реконструкциясының барысына мониторинг жүргізуде.
Айта кетейік, агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экология, жолдар мен инфрақұрылым, апатты және тозығы жеткен тұрғын үй, ЖЭО, сондай-ақ бизнес мәселелері өңірдің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына кіреді.