Ақмола облысында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин өз сөзінде кәсіпкерлік саласындағы жеке және жүйелі мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Атамекен» ӨКП-мен бірлесіп 2700-ден астам кәсіпкерге проблемаларды шешуге көмек көрсетті. Жер қатынастары, ТКШ, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, экология және басқа да салалардағы 34 кейс оң шешілді.
Бизнестің жүйелі проблемалық мәселелерін анықтау үшін балық шаруашылығы қызметі және ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтер жүргізіліп, кәсіпкерліктің дамуына әсер ететін бірқатар олқылықтар белгіленді. Барлық кемшіліктер бойынша ұсыныстар берілді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Антикор орталығының базасында 700 бизнес өкілінің қатысуымен 50 кездесу ұйымдастырылды. Мұндай ашық диалог алаңдары үнемі өткізіліп тұрады. Барлық айтылған мәселелер арнайы тізілімге енгізіледі.
Өңірлік кеңестің төрағасы Валентина Геращенко қатысушыларды бір жылдағы бизнесті қорғау жөніндегі жұмыстың қорытындылары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Палатаға 303 өтініш келіп түсті, оның 57%-ы оң шешілді. Қорғалған мүліктік құқықтардың сомасы — 590 млн теңгеге жуық.
Отырыстың күн тәртібіне кәсіпкерлердің жер қойнауын пайдалану үшін жер учаскелерін ресімдеу кезіндегі проблемалық мәселелері де кірді.
Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қабылданатын шешімдердің заңдылығын қамтамасыз ету, бизнесті сот шайқастарына және әуре-сарсаңға тартуды болдырмау ұсынылды.