Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев мәлімдеді.
Өңірлік кадр резервіне алынған тұлғалар 2 жыл ішінде сайланатын лауазымдарды қоспағанда Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарындағы «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналаса алады.
«Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады. Жобаның басты мақсаты – жас басқарушылар пулын қалыптастыру және өңірімізді дамыту үшін талантты жастарды тарту. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады» — дейді спикер.
Іріктеу 6 базалық бағыт бойынша жүргізіледі: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру.
Іріктеуге қатысу үшін а.ж. 1 — 31 наурызы аралығында үміткерлер onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында тіркеліп, қажетті құжаттарды жүктеп, бағытты таңдауы тиіс. Сондай ақ азаматтар Департаментке құжаттарды қағаз жеткізгіште не электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде ұсына алады.
«Үміткерлер заңнаманы білуіне және жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеу, құзыреттерін бағалау, кадр комиссиясындағы құрылымдық сұхбат сияқты кезеңдер арқылы іріктеуден өтеді. Айта кету керек, құзыреттерді бағалау кезеңінде кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы олардың белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік сияқты құзыреттері анықталып, әрі бағаланады. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды» — деп Д.Әбілев атап өтті.
Бүгінгі таңда облыста жастар әлеуетін іске асыруға және пайдалы бастамаларды қолдауға ерекше назар аударылуда. Өңіріміздің мемлекеттік қызмет жүйесінде жұмыс істейтін қызметшілердің 30,3%-ы 35 жасқа дейінгі жастар.
Сондай-ақ, брифингке Ақмола облысының әкімі аппаратының басшысы Досұлан Айтбаев қатысты. Өз сөзінде ол білімді, бастамашыл, халықтың игілігі үшін қызмет етуге дайын мамандардың әрдайым сұранысқа ие екенін атап өтіп, жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырды.
Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі