Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті облыс әкімі орынбасарының, аудандар әкімдері орынбасарларының, облыстық білім, цифрландыру басқармаларының, аудандық білім бөлімдері және бас бухгалтерлердің қатысуымен білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Сағыныш Аяғанова білім беру саласындағы қылмыстық істер бойынша өткен сот үкімдерін және осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы айтты.
Спикер қаржылық қажеттілікті жасанды түрде асыра бағалауға, бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезіндегі автоматтандырудың болмауына және ақпараттық жүйелердің жетілмегендігіне байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін атап өтті.
Кеңес аясында жеке меншік бухгалтерлік жүйелерде жаңа цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу бойынша өңірде өткізілген жобаның нәтижелері және білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру үдерістеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп жүргізіліп жатқан қазынашылық есептерін бухгалтерлік есеп жүйелерімен салыстыру нәтижелерін айтты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жалпы бюджеттің шамамен 37 пайызын құрайтын білім саласына бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.