2024 жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман алқабын ұлғайту жоспары аясында 104,9 гектар жерге көшет егілді.
Жұмыс негізінен Ақылбай, Бурабай, Золотобор, Жалайыр, Мирный және Приозерный орманшылықтарында жүріп, жергілікті мамандар 839,2 мың түп қарағай екпе ағаштарын отырғызды.
Сонымен қатар, биыл күздегі түгендеу нәтижесінде 52,4 гектар аумақ орманмен қамтылған жерлер санатына өтті. 2017-2018 жылдары көшет егілген алқап сапа нормативінің көрсеткіштеріне толық сай келеді.
«Жоғары нәтижеге ауа райының қолайлы болғанының, сонымен қатар Ұлттық парк қызметкерлері арамшөптерден арылту, екпелерді зиянкестерден қорғау және көшет түбін қопсыту сияқты жұмыстарды сапалы атқарғанының арқасында қол жеткіздік. Ұлттық парк қызметкерлерінің қызу жұмысы жақсы нәтиже бергенін бір мақтан тұтамыз», — деп атап өтті «Бурабай» МҰТП орманды қалпына келтіру инженері Әлия Әбдірахманова.
Келер жылы орман алқабын одан әрі қалпына келтіру аясында Ұлттық парк 40 гектар жерге 320 мың екіжылдық қарағай көшетін егу жоспарланып отыр. Бұл саябақтың орман қоры мен экожүйесін сақтаудағы кезекті маңызды қадам болмақ.
«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі.