Ақмола облысының балуандар қазақ күресінен республикалық турнирде жеңіске жетіп, екі алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі. Бұл туралы Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі айтты.
Ведомствоның мәліметінше, Петропавлда қолбасшы батыр және ақын Қожаберген жырау Толыбайұлы атындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Оған еліміздің 10 өңірінен балуандар келіп қатысты.
«Ақмола облысының атынан Шортанды, Ақкөл, Ерейментау, Бұланды, Қорғалжын аудандары мен Көкшетау қаласының балуандары боз кілемге шығып, күш сынасты. Оның ішінде Жасұлан Халхабаев (+82 кг) және Төлеген Ерасыл (82 кг) чемпион атанса, Арсен Тілеубаев (65 кг) екінші, Алмат Төлеуқан (76 кг) және Бақдәулет Жұманов (60 кг) үшінші орын алды», — деді Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.