2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті «Ел үміті» жалпыұлттық бастамасын ұсынды. «Ел үміті» бастамасы — бұл дарынды балалар мен жастарды іздеуге және қолдауға жәрдемдесу.
«Ел үміті» бастамасы аясында үш жоба қарастырылған:
1. Ауылдық жерлердегі балаларды дамытуға бағытталған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы;
2. Дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі өңірлік орталықтарды дамыту
3. «Елбасы Медалі».
«Елбасы медалі» — бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеу және үйлесімді дамыту бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №249 қаулысымен он төрттен жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриотизм және белсенді азаматтық ұстаным танытқаны үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидалары бекітілді.
«Елбасы медалі» бағдарламасы балалар мен жастарды қолдау және ынталандыру жүйесі болып табылады. Әрбір жас әрі мақсатқа ұмтылған қазақстандық «Елбасы медалінің» иегері бола алады!
Мәслихат сессиясының 2020 жылғы 10 маусымдағы шешімі бойынша «Елбасы медалі» бағдарламасын іске асыруға 40 млн.теңге бөлінді. 2021 жылы бағдарламаны іске асыру үшін 69 млн. 888 мың теңге бөлінді.
«Елбасы медалі» — Елбасының бақылауымен іске асырылатын талантты және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу жөніндегі бірегей жоба. Жоба 14-29 жас аралығындағы жастарды тәрбиелеуге бағытталған және 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдай алады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздейді. Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы қатысуда. Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында барлық өңірлердегі 300 жобаға қатысушы қола медальмен марапатталды.
Бүгін Ақмола облысының келесі финалистері қола медальмен марапатталды: олардың 41-ін Достық үйінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев медальмен марапаттады.
«Баршаңызды Тұңғыш Президентіміздің атынан марапаттарыңызбен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің одан әрі нығайып, еліміздің гүлденуі бүгінгі жастардың, сіздердің қолдарыңызда! Сіздердей білімді әрі әлеуеті кең әрбір қазақстандық азаматтың мемлекетіміздің гүлденуіне жеке үлесін қосатынына сенімдімін» — деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Қалған жеңімпаздар өздерінің марапаттарын тұрғылықты жері бойынша алды.
Айта кетейік, жыл бойы өтетін «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасуда. Келесі финалистер 2021 жылдың желтоқсанында белгілі болады.