Ақмола облысында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы мен облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықовтың, сондай-ақ облыстық басқармалардың бірінің басшылығының қатысуымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында қатысушылар бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша басшы лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс шеңберінде ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынуды қарады.
Сыбайлас жемқорлықты жасауға ықпал еткен мән-жайларды талдап, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жоспарлау және өткізу кезінде формализмді болдырмау, лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауын бақылау бойынша жауапты тұлғаларды бекіту, сондай-ақ ведомстволық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, оларды жою қажеттігі туралы ұсынымдар енгізді.
Кездесу барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша соңғы заңнамалық өзгерістерді түсіндіріп, мемлекеттік қызметшілер арасында алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері халықпен үнемі өзара іс-қимыл жасай отырып, адалдық пен сатылмаушылық қағидаттарын ұстануға, заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және мемлекеттік қызметті адал атқаруға тиіс. Сондықтан әкімдік қызметкерлері тарапынан алдағы уақытта кез келген құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша тиісті шаралар кешенін қабылдау қажет», — деп атап өтті Мұрат Төлеубаев.
Динара Нұртаз, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.