Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 25-ші мамырында Шортанды аудандық ПБ кезекші бөліміне Новоселовка ауылының 59 жастағы тұрғынынан арыз түскен. Әйелдің сөзінше, 2018 жылғы желтоқсаннан бастап 25 мамырға дейін белгісіз біреулер оның «Қазпошта» АҚ-дағы шотынан 993 мың 500 теңге көлемінде ақша қаражатын алған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын «Қазпошта» АҚ-да жұмыс істеген осы ауылдың 32 жастағы тұрғынын анықтады. Қаскүнем бұл әрекетін мойындады», — деді ведомстводан.
Қазіргі уақытта осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігі «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты шақырғанда келу міндеттемесі түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Тергеу шаралары жалғасуда.