Есіл-Көкше өңірінің түпкі тарихы бір-бірімен біте қайнасып жатқан, талай ұлыларды дүниеге әкелген қарағайлы-қасиетті мекен.
Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасына қарасты Мәлік Ғабдуллин музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Абылай ханның 310 жылдығына арналған «Тәуелсіздік туын биік көтерген – Абылай хан» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы болып өтті.
Көрмені «Көкшетау – Қазастанның мәдени астанасы» жол картасы аясында Петропавл қаласы «Абылай хан резиденциясы» музей кешені қойды.
Іс-шара Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы Мысырәлімованың және жазушы, драмматург, «Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевтің құттықтау сөзімен басталды.
Үш жүздің басын қосқан, қазақ тарихындағы ұлы мемлекет қайраткері Абылай хан мен Атығай Қарауылдың бетке ұстар биі Қанай шешен арасындағы достық пен селкеу түспеген сенімділіктері кешегі тарих беттерінде таңбаланып жазылып қалды.
Қанай шешен қазақ халқының қаһарман ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің тоғызыншы атасы. Қос тұлғалық музейді байланыстыратын атақты тұлға Абылай ханның өмірі мен қызметіне арналған «Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан» атты көрмемен экскурсовод Назгүл Абайқызы Бейсенбина таныстырды.
Іс-шараға көкшелік зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Жылжымалы көрме маусым айының 11 мен 25 аралығында жұмыс істейді. Көремін деушілерге есігіміз ашық.