ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, аппарат басшылары және әдеп жөніндегі уәкілдер үшін семинар ұйымдастырып, онда 2024 жылдың І жартыжылдығы бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына жүргізілген мониторинг, сондай-ақ қашықтықтан, аралас қашықтықтан және икемді жұмыс уақыты режимін қолданудың қорытындылары талқыланды.
Қолжетімділікті бақылауды есепке алу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың І жартыжылдығында 119 мемлекеттік қызметші жалпы ұзақтығы 306 сағат 53 минутты құрайтын уақытқа үстеме жұмысқа тартылған.
Департаменттің хаттары негізінде барлық 119 мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтіріліп, мемлекеттік органдарда демалыс беру туралы актілер шығарылды.
Мемлекеттік органдардан келіп түскен мәліметтерге сәйкес 29 мемлекеттік қызметші үшін икемді кесте белгіленген, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда – 6 және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде – 23, сонымен қатар, 1 мемлекеттік қызметші үшін қашықтықтан жұмыс кестесі белгіленген.
Демалыс және мереке күндері жұмыспен 304 мемлекеттік қызметші қамтылды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда 128 қызметші және орталық мемлекеттік органдарда 176 қызметші. Бұл ретте 160 мемлекеттік қызметшіге өтемақы төленіп, 144 қызметшіге демалыс берілді.
Сонымен қатар, 2024 жылдың І жартыжылдығында жұмыс уақытының сақталу мониторингісі 89 мемлекеттік органда немесе 2024 жылы жоспарланған 117 органның 76,1%-да жүзеге асырылды, сондай-ақ жоспардан тыс негізде 3 мемлекеттік орган қамтылды. Мониторинг барысында 22 құқық бұзушылық анықталды, 7 акт ресімделіп, барлық 22 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында семинарға қатысушыларға заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді.