ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов денсаулық сақтау саласындағы квазимемлекеттік сектор ұйымдарының өкілдерімен шет елдердің тәжірибесі бойынша комплаенстің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтер институтын енгізу мәселелері бойынша онлайн семинар өткізді.
Кездесу барысында Департамент басшысы квазимемлекеттік компаниялар мен жеке сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылықты қамтамасыз етудің тиімді заманауи құралы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
«Корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты тәуелсіз комплаенс бөлімшелерін құру және тиімді жұмыс істеу компания басшылары үшін басым бағыттардың бірі болуы тиіс. Ал денсаулық сақтау ұйымдары үшін бұл мәселе өте өзекті, өйткені азаматтардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасына байланысты», — деп атап өтті Арман Рахимов.
Семинарда шақырылған спикер-Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Белла Газдиева сөз сөйледі, ол ISO 37001 халықаралық стандарты және комплаенс-офицерлерге арналған оқыту бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Семинар спикері атап өткендей, ISO 37001 — бұл ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу, қолдау және жақсарту бойынша егжей-тегжейлі талаптар мен ұсыныстардың жиынтығы.
Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің негізгі басымдықтарын талқылап, пікір және ұсыныстар алмасты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс құрылымдарды анықтау туралы норма заңнамалық түрде енгізілді, жеке компаниялар үшін заңмен өз қалауы бойынша комплаенс-қызметтерді құру құқығы бекітілді. Қазіргі уақытта облыстың жергілікті атқарушы органдарына есеп беретін 81 квазимемлекеттік сектор ұйымында комплаенс қызметкерлері бар.