ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов Аntikor орталығы алаңында өткен онлайн-брифинг барысында а.ж. 9 айындағы әкімшілік тәжірибенің қорытындыларымен бөлісті.
Спикердің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 5 әкімшілік іс қозғады, олар бойынша 740 мың теңгеге жуық сомаға айыппұл салынды, айыппұлдар толығымен өндірілді.
Мысалы, ағымдағы жылдың сәуір айында облыстың жергілікті атқарушы органдарының бірінің басшылық құрамның лауазымды тұлғасы еңбек заңнамасын бұза отырып, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды ведомстволық бағынысты мекеменің басшысы ретінде жұмысқа қабылдады, сол арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 681-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасады. Кінәлі адам 50 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Ағымдағы жылдың мамыр айында облыстың аудандарының бірінің пробация қызметінің инспекторына сыйлық ретінде 10 000 теңге сомасында ақша қаражатын берген шартты түрде сотталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабы (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушыға 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеушіге келмегені үшін азамат ҚР ӘҚБтК-нің 665-бабы бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бүгінгі күні әкімшілік тәжірибе сыбайлас жемқорлықты алдын алудың пәрменді құралдарының бірі болып табылады, ол неғұрлым ауыр сыбайлас жемқорлық әрекеттердің уақтылы алдын алуға, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады», — деп атап өтті брифинг барысында Арман Рахимов.
Естеріңізге сала кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 15 бап бойынша әкімшілік хаттамалар жасау арқылы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге құқылы, әкімшілік хаттамаларды кейіннен соттар қарайды.