Жыл сайын 1 наурызда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің барлық сараптау-криминалистикалық бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Қазақстан Республикасы ІІМ сарапшы-криминалист күні атап өтіледі.
Бұл қызмет ІІМ жүйесіндегі жетекші қызметтердің бірі болып табылады. Өзінің кәсіби мерекесінде полиция қызметкерлері Көкшетау қаласындағы облыстық қан орталығында қан тапсыруға шешім қабылдады.
«Біздің акция науқас балаларға, донор қанына мұқтаж, жол-көлік оқиғасы және басқа да жазатайым оқиғаларға тап болған барлық адамдарға көмектесуге бағытталған. Біз қан банкіне үнемі толықтыру қажет екенін түсінеміз. Ол біреудің өмірін сақтап қалуға көмектеседі»,- деп атап өтті Ақмола облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция полковнигі Жаслан Әлжапаров.
Айта кету керек, осы акцияға қатысушылардың бірі полиция майоры Серғазы Мейерманов 20 жылдан бері донор болып келеді. Полицейдің айтуынша, ол алғаш рет 18 жасында досының әкесіне қан тапсыруға келген. Кейінірек Серғазы «сирек фенотипі бар донор» екені белгілі болды. Содан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді.
«Ақмола облысы полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасы атынан ішкі істер органдарының жедел-криминалистикалық қызметінің барлық жеке құрамы мен ардагерлерін криминалистикалық қызметтің құрылған күнімен құттықтағым келеді. Барлық әріптестеріме адал қызметі үшін шынайы алғысымды білдіремін»,- деп түйіндеді Жаслан Әлжапаров.