«Бала ақын-жас дарын» дәстүрлі облыстық оқушылар айтысына дайындық аясында айтыс жанрын дамыту, айтыс бағыттарымен танысу, шешендік дағдыларын дамыту, сахналық және сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы жас ақындар мен жетекшілеріне арналған «Айтыс — музыкадағы эмоционалды импровизация және поэзиядағы интеллект» атты шеберлік сыныбын өткізді.
Ақын-импровизатор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «ҚР Тұңғыш Президенті қоры» сыйлығының лауреаты, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, үш мәрте ҚР Президенті стипендиясының иегері Алмас Темірбай халық шығармашылығының жанры, қазақ мәдениетінің мұрасы – айтыс туралы айта кетіп, шеберлік құпияларымен, көпшілік алдында сөз сөйлеу тәжірибесімен бөлісті, кәсіби ұсыныстар берді.
Сонымен қатар іс-шарада 2023 жылы 130 жылдығы атап өтілетін ақын, публицист, педагог-ағартушы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына көп көңіл бөлінді.
Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласынан келген 26 жас айтыскерлер мен олардың тәлімгерлері қойылған сауалдарға толық жауап алып, өз таланттарын көрсете алды.