Бейсенбі, Сәуір 18, 2024
17.2 C
Kokshetau
17 C
Nur-Sultan
14 C
Almaty
ЖаңалықтарОқиғаСотБи-шешендер ұлағаты ұлттық құндылығымыз

Би-шешендер ұлағаты ұлттық құндылығымыз

Қазақтың қанымен біткен, жаратылысындағы бітім болмысына сай келетін даусыз бір өнері – шешендік. Ұшқан құстың қанаты талар қазақтың ұланғайыр сайын даласында туып-өскен сахара перзентін жаратқанның өзі шешендікті қанымен бірге бойына дарытатын секілді. Айдалада қозы соңында жүріп, қиялына ерік беретін жұдырықтай баласына дейін таңдайы тақылдап, суырылып сөйлей жөнелген. Табиғатпен сырласа жүріп, қиялын ұштап, тілін жетілдірген. Қазақ баласының қиялына ұшы қиырсыз даласы да, ұшқан құста, желмен тербелген көкмайсасы, боз жусаны да, өзен-көлі де, тау-тасы да серік. Табиғатпен бірге өсіп, біте қайнасқан, құнарын сезініп, бойына сіңірген, рухани ләззат ала білетін, жаны сүйіп, сырласа білетін қазақ баласының қиялы жүйрік, тілге шешен келуі заңдылық сияқты. Халықтың әлдекім туралы айта қалғанда «табиғатынан өнерлі», «табиғатынан шешен», «Алла оның табиғатына берген» дейтіні содан болса керек. Яғни, табиғатты – жаратылыс деп қабылдайтын болсақ, мұның мағынасы да айқын болып шыға келеді, табиғаттың жаратылысындай, қазаққа да жаратқан иеміз шешендікті жаратылысына дарытса керек. Заман өте келе, ол қасиет азайып, дәуір ызғары әсер еткен… Екі ғасырдан астам өзге империяның қол астында болған отаршылдық дәуірде өзгелердің үстемдігі жүрді, дегені болды, ешкімге бағынбаған, құлдық ұрмаған асау жұрттың ұрпағы едік, сағымыз сынды, еріксіз жат жұрттың тарихына мойынсұндық, өз өткенімізді ұмытайық деген жоқпыз-ау, ұмыттырды, қасиетті тарихымыз бен салт-дәстүрлеріміз, ата-бабаларымыздың асыл ұлағаты аяқасты болды, арындаған айбарлы жұрттың ұрпағы едік, кеудеміздің басылғаны рас. Өзге жұрттардың өркениетін ең алдымен таныдық, тарихы мен ғылымын оқып өстік, тіпті, сонымен көзімізды ашып, санамызға сіңірдік.

Енді, міне, отыз жылға толған тәуелсіздік шапағаты тиіп, баяу болса да тарихымыздың ақиқатына жақындап келеміз, уақыт өткен сайын бұрын танылмаған шындықтардың беті ашылуда, көмескі кезеңдеріміз айқындала түсуде.

Қазақ баласы өзінде жоқ өнерге ешқашан таласып көрмеген. Ал өнер атаулының үздігі, биік шыңы деуге тұрарлық – шешендік өнеріне таласымыз бар. Жасыратыны жоқ, екі ғасырлық отаршылдық дәуірімізде еуропалық оқу-білім үстемдік құрып келіп, тіпті, ес біліп, етек жаппаған ескі заманнан табиғатымызбен қалыптасқан өнерлерді жат жұрттардың қанжығасына байлап жүріппіз.

Ал қазақ – қазақ аталмай тұрып санау көне замандардағы, ата-бабаларымыздың – сақтар мен ғұндардың дәуірінен бергі талассыз үлкен өнері – шешендігі емес пе еді.

Міне, еуропалықтардың өздері осы ақиқаттың бетін ашып, Орхон-Енисей аңғарларынан табылған ата-бабаларымыздың мұраларындағы Күлтегін, Білге қағандардың қаһармандығымен қоса, шешендігіне, төгілген ақындығына таң қалып, тамсанумен келе жатыр. Бұл өз алдына.

Ал енді сол ежелгі бабалар дәстүрі, өнері қазақ баласында жақсы сақталды, тіпті, қазақ даласы сол құдіретті өнердің сақтаушы қазыналы құт сандығына айналғандығы басып өткен бел-белестерімізде айшықты таңбаланған.

Бір ғажабы – қазақтың бір әулетінен бірнеше шешендер шығатын жағдай көп болған. Әрі олар шешен болып қана қоймаған, ақыл-парасатқа, даналыққа да кенде болмаған. Мысалы, дана Абайдың айналасы, әулеті, өз ұрпағы, ата-бабалары шешендікте дес бермеген, аузымен құсты тістеген жүйріктер болған. Абайдың өзі, әкесі Құнанбай, атасы Өскенбай, арғы аталары Ырғызбай, Кеңгірбай, Әнет баба – бәрі де төгілген шешендер екен. Ал Абайдың өз балалары Ақылбай, Әбіш, Мағауиялар, Шәкәрімдер әрі ақыл-парасат иелері, әрі сұңғыла шешен, әрі ақындар болған. Бір әулеттен осыншама ақыл, сөз иелерінің шығуы – әлемде сирек кездеседі. Шоқанның айналасы да солай. Оның өз әке-шешесі де сөзге жүйрік, әкесі Шыңғыс өте білімдар, зерттеуші адам болған. Ал нағашылары Мұса, Сәдуақас Шормановтардың білімі де, тілі де жоғары болғанын қазақ іші аңыз еткен. Осы қасиеттердің бәрі Шоқанның бойына жиылып, табылып отыр ғой. Ол тек ғалым ғана емес, жан-жақты білімпаздығымен, шешендігімен төңірегін тәнті еткен. Оған келтірер жарқын мысал – Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы әйгілі Саққұлақ шешенмен бала кезінде кездесуі. Сонда жас Шоқан сол кездегі атағы кеңінен танымал шешенмен тең дәрежеде сөйлеседі.

« – Ақсақал біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды?

– Шырағым, көнеден сұрайды – дейді шешен.

– Көне адасса кімнен сұрайды?

– Көне адасса, көргендіден сұрайды.

– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

– Көргенді адасса, көптен сұрайды.

– Көп адасса кімнен мұрайды?

– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

– Көп оқыған адасса кімнен сұрайды?

– Көп оқыған көзі шықпай неге адассын!

– Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап алған жоқсың ба? – депті шешен.

Осы сұрақ жауаптың өзінен Шоқанның даналыққа ерте жеткендігі, әрі сөз қадірін бала жасынан танығанын көрсетеді. бұдан аңғаратынымыз – шешендік деген ұғым, әрі кемел даналықтың да дәлелі. Ыбырай Алтынсариннің де айналасы туралы да осыны айтуға болады. Ол тәрбиесін көрген атасы Балқожа аса беделді, би-шешен болған. Қазақ мұндайды «тақыр жерге шөп шықпайды» деп қисындастырады. Немесе, «ат аунаған жерде түк қалады» дейді. Мақал-мәтелдеріміздің өзі от шашырап, халқымыздың шешендігін дәлелдеп тұрғандай. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Бұндай мысалдарды қазақтан көптеп келтіруге болады. Жамбыл, Кенен аталарымыздың, Бауыржан Момышұлының да төңірегі шешен, ақын-

жазушыларға көп болған. Жиырмасыншы ғасырдың басында тобымен, лек-лек болып шыққан арыстарымыздың баршасы дерлік жақсылардың, даналық иелерінің ұрпақтары. Осының өзі дана халыққа тән белгілер. Ал қай Еуропаның елдерінен, мұндай жарқын мысалдар келтіретін едік? Кешегі кеңес тарихын, әлем елдерінің тарихын оқып өстік, ондай мысалдарды естімеппіз, құлағымыз шалмапты. Жоғарыда би-шешендіктің, даналықтың белгісін қазақта бала жасынан білдіретіндер көп болған. Құнанбай ұлы Абайдың дана, шешен болып туғанын ерте танығаны белгілі. М.Әуезов «Абай жолында» бұған бірнеше мысал келтіреді ғой. Ал сол дана Абайдың өзінің де баласы Әбіш ерте қайтқанына қарамастан сұңғыла білімпаздығын, шешендігін көрсетіп кеткен. Абай оның болашағынан зор үміт күтеді ғой. Абай бірде баласы Әбішті сынамақ болып:

«Қалқам Әбіш, осы дүниеде ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұрайды. Әбіш ойланбастан: «ақ зат асыл ғой – деген, Абай күлімдеп: неге қара зат асыл емес пе, – дейді. Әбіш: неге қара зат асыл дейсіз? – деп сұрайды. Абай: – Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді. Бірақ көздің ағы емес, қарашығы көрмей ме. Екіншіден қағаздың түсі – ақ, бірақ адам одан білім алмайды, ақ қағазға түскен қара сиядан білім алады. Үшінші, адамның жас шағында сақал-шашы қара болады. Осыдан, адамның жас шағында ақыл, білім, күш-қайрат көп болады. Қартайғанда, адамның сақал-мұрты ағарады. Адамның күш-қайраты да азаяды, сондықтан да қараны асыл деп ойлаймын.

– Оның бәрін қайдан білдіңіз?

– Ақылмен білдім.

– Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе? Екіншіден, ақыл-нұр жарық зат. Ал жарық о да аққа ұқсамай ма?» депті Әбіш.

Абай ұлының жауабына сүйсініп, өз сөзінен салмақты жатқанын мойындаған екен. Бұл арада, табан астынан әкесі қойған сұраққа Әбіш мүдірместен осындай ақылды жауап берген.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазаққа – шешендікті жаратылысынан берген. Өйткені, оқымаған, арнайы ешқандай білім алмаған қазақ шешендері кішкене кезінен-ақ саңқылдап тұрған. Мұның, бірінші себебі, көзін ашқаннан шешендік сөздердің нәрін сезініп өскен бала естіген-білгенін құлағына сіңіре береді. Кішкене кезінен жақсы сөзді тыңдап өскен Абай әр сөзді абайлап, тыңдап отырады ғой. Шоқан да, шоқиып отырып кішкене кезінен, әр сөзге құлақ тігіп отырады. Есімдері де соған орай, қойылып отыр. Асыл жаратылыс дегеніміз осы болар. Мұндай мысалдар өте көп.

Тағы бір бұған қосатынымыз – біздің хандар мен сұлтандар, яғни, билеушілерімізге де қойылар басты талаптардың бірі – шешендік болған. Өйткені, билеуші төгілдіріп сөйлеп тұрмаса, сөзін түйіп, шешімді, жинақы етіп жеткізе алмаса, жұртын аузына қарата алмас еді. Керей, Жәнібек хандар да, Қасым хан, Есім хан бертіндегі Әз Тәуке, Абылай хан, Кенесары хандардың бәрі де шешендер болған және ұтымды сөзді бағалай білген,

ақын-жырауларын, шешендерін көтермелеп, тіпті, өздеріне ақылшы етіп отырғаны белгілі.

Мұның өзі, әрине, өнегелі жұрттың елдік қырын танытады. Демек, шешендік – тек сөзден сүріндіру, тіл мен жағына сүйену ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі салмағы басым адамдар. Әйгілі үш биіміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің үшеуі де Әз Тәукенің тұсында заңнамалық тұғырымыз «Жеті Жарғыны» жазуға атсалысқаны өз алдына, хан-сұлтандардың ең жақын ақылшы, көмекшілеріне айналған. Яғни, шешендік асыл қасиеттері зор дәреже, атақ-беделге жеткізіп отыр. Мұны да, әлемдегі сирек кездесетін тәжірибе деуіміз керек.

Сондай-ақ, атақты Жиренше шешен – тарихтағы үлкен тұлға Қасым ханның әкесі Әз Жәнібек ханның ақылшысы, көмекшісі болған. Тіпті, мұны хандық салттағы берік қалыптасқан қағида деуге болады. Тек аталған хандарымыздың әрқайсысының тұсында, олардың жанында тұрып, елдің жағдайын айтатын, халық пен билік арасында дәнекер болып шешендер жүрген. Яғни, ел жағдайы біліктілікпен, парасаттылықпен ұтымды, жинақы, ең бастысы – шешен жеткізілуге тиіс. Олардың да, шешендікпен қоса, ел билейтін, ел жақсысы атанатын көсем қасиеттері ерте танылған.

Әйгілі Шорман Күшікұлы, оның ұрпақтары Мұса мен Сәдуақас Шорманұлдарының шешендігіне қоса, ел билеушілік қасиеттері ерте танылған.

Жоңғар ханы Қалдан Бошақтыны сөзден сүріндірген Әйтеке би сөзімізге нақты дәлел. Жоңғар ханы Әйтеке биді тақымдап, қусырып алмақ оймен: – Мен неше атамнан бері ханмын? – деп сұрағанда, Әйтеке би бөгелместен: – Әкең шынжыр балақ шұбар төс хан болғанмен, негізің құл. Себебі, шешең сені есігіндегі жалшыдан туған. Бермен қарай беттеп келе жатқанда артыңа жалтақтап үш рет қарадың. Арыстан артына қарап ақырмас болар, тексіздігіңді тағы білген себебім; маңдайға біткен сүйікті ханымыз еді, сіздің жақтың бір де біреуі орныңызға мен барайын деп ілтипат жасаған жоқ, – дейді.

Амалы құрыған Қалдан Бошақты: – Мына астымдағы сымға тартқан күмістей қанатты тұлпарымды сынап берші, – дейді. – Мұның нағыз тұлпарға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Есекке шатысы бар екен. Тұрпатына, төзімділігіне назар аударыпсың. Құлын кезінде енесі өліп, сарттың саудагері есекке теліген екен. Әлгінде кісінеген кезде бақырған есектей дауысын шығарып, екі бүйірін солқылдатып, үні тарғылданып шықты. Ал шынайы тұлпар дауысын қоңыраудай сыңғырлатып, үзілтіп, әсерлі қайырып кісінейді, – дейді. Сонда Қалдан Бошақты қазақ биінің біліктілігіне, темірдей қисынына таң қалған. Ал ол заманда сөзден сүріндіру – елдің үстем түскен жеңісінің бір белгісіндей саналған. Сондай-ақ, Абылай ханның заманында жоғарыдағы Қалдан Бошақтының ұрпағы Қалдан Серенді сүріндірген атқосшы болып барған бала Қазыбек екендігі белгілі. Сол кезде Жоңғария мемлекетінің дүрілдеп тұрғандығын, жоғарыдағы аталмыш екі

қонтайшының сол дәуірдегі аса айбынды билеушілер болғандығын ескерсек, біздің би-шешендеріміздің қадір-қасиетін, салмағын мөлшерлеген болар едік. Қазақ Ордасының айбынын асыра түскен билер, тіпті, ел болып сақталып қалуымызға зор ықпал еткендігінің нақты дәлелі – осы. Кейде олардың ел алдындағы зор еңбегіне тереңдеп мән бермейтініміз өкінішті.

Осындай зор ықпалға ие болған би-шешендерімізді өзге елдердің қанжығасына байлап бермей, абыройларын асқақтата түсуіміз қажет сияқты. Сөз соңында айтарымыз, би-шешендеріміздің арасына жік қойып, әр жүз немесе өз жағына тартқылағанымыз өте жағымсыз. Өйткені, бұлардың бәрі ортақ елдік мұрат үшін күрескен, бөлініп-бөлшектенбеген, осыны ескере жүрсек жөн болмақ.

Қазір өркениет дәуірінде өмір сүріп жатқанымызбен, өткен тарихымыздың өнегесінен сабақ алмай, даму, ілгерілеу болмақ емес. Ал өткен тарихымыз дегенде, ең алдымен, ел тізгінін мықтап ұстаған асыл би-шешендеріміздің ұлағаты бірден еске түседі. Бұрынғының биі – әрі заңгер, әрі елдің ұстазы, тәлімгері, әрі бітімгер-дипломат, әрі мемлекет қайраткері, әрі саясаткер, әрі ұрпақтың, тіпті, халықтың тәрбиешісі бола біліп, барлық бағытта ел тағдырына араласты. Осы би-шешендер өнегесі – кейінгі ұрпақ біздерге әсіресе бүгінгі заңгерлерге де зор тағылым, басты мұрат-мүддеміз болып қала бермек.

 

Досжан Әмір, Ақмола облыстық сотының төрағасы.

- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Президент қазақстандықтарға және тілеулестік танытқан шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға және тілеулестік танытқан шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және...

Автожолдарды топан судан қорғау

Ақмола облысында су тасқынын алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Ақмола облысының Қосшы, Жібек Жолы және Атбасар елді мекендерінде «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ мамандары...

8 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 07.12.2023 жылғы № 237 бұйрығына сәйкес Бурабай...

Мемлекеттік қызмет істері департаменті жыл басынан бері 22 көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қалпына келтірді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басты міндеттерінің бірі – көрсетілетін қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Мәселен, 2024 жылдың I тоқсанында...

Департамент шаралар қабылдағаннан кейін азаматқа жеке меншікке жер учаскесі берілді

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне Көкшетау қаласының әкімдігі «Жер учаскесін жеке меншікке немесе бөліп-бөліп сату» мемлекеттік қызметін көрсетуден бас тару мәселесімен...