Қоюшы-режиссер ҚР мәдениет қайраткері Сабыралы Кемелбайтегі бастамасымен драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат Әлмашұлының адамзат баласының игілігі жолында жалғанның түрлі жұмбағын шешкен, ғылымның шырағын жаққан ұлы ойшылымыз Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған «Аққан жұлдыз құласа…» қойылым аудандық мәдениет үйінде сахналанды.
«Бұл туынды әлемге әйгілі ойшыл жайлы қойылым ауданымыздың тарихында тұңғыш рет сахналанып отыр. Қойылымда ғұлама ғалымның Х-ғасыр сонындағы Бағдад пен Алеппо қалаларындағы өмірінің соңғы сәттерін өз көзімізбен көріп тамашаладық. Ғалам сырына ынтызарлықпен ден қойған тұрпатымен басталған премьера оқкөрерменді бірден ескі заман естеліктерімен баурап алды», — деді қойылым көрермендері.
Ұлы Аристотельден кейінгі ұстаз саналған ойшылдың тұтас ғұмыры театр тілінде сөйлеп қоя берді. Сондай-ақ мәдениет үйінің шығармашылық ұжымының актерлық шеберліктері кәсіби актерлардан кем емес екендігін ерекше атап өткен жөн. Аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылдығы көрініп тұр.
«Кез келген рөлді сахнада сомдау үлкен жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Шығарманың ұлылығы мен режиссердің шеберлігі үндесе келіп, санаға ой салар дүниені көрсете білді. Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор. Бұл ретте, әрине, режиссерлік қырынан танылған Сабыралы Кемелбайтегін ерекше атаған жөн. Оның осы тарихи драманы сахналау барысында өнерге деген шын жанашырлығын, біліктілігі арқасында әртістерді лайықты етіп таңдағанын байқауға болады», — деді Ақмола облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының мамандары.
Спектакль басталмас бұрын бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу болып өтті. Қойылым соңында сөз алған Ақмола облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы, ауданның құрметті азаматы Ермек Нұғыманов мәдениет үйінің шығармашылық ұжымын премьера мен құттықтап жылы лебіздерін білдіріп, әлі де қолдау көрсететінін жеткізді.