Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми түрде 2019 жылдың 12 маусымында кірісті. Сайланған сәттен бастап Мемлекет басшысы елді саяси жаңғырту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруда. Бұл процестің басты мақсаты — әділ, бәсекеге қабілетті мемлекет құру.
Экономикалық реформалар аясында Президент кәсіпкерлікті дамытуға және монополияға қарсы реттеуді күшейтуге ұмтылуда. Ол өз сөзінде шетелдік капиталды тарту үшін қолайлы инвестициялық ахуал құру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту қажеттілігін бірнеше мәрте атап көрсеткен еді.
Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекет басшысы атап өткендей: нағыз дамыған ел болу үшін саяси реформаларды терең және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен үйлестіру қажет. Қазір әлемдік экономика мен халықаралық еңбек бөлінісінде түбегейлі өзгерістер орын алуда, технологиялық жарыс жалғасуда, ресурстар үшін бәсекелестік шиеленісуде.
Бұған қоса Президент, бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты демографиялық даму проблемалары өткір болып тұрғанын, аталған сын қатерлер мен өзгерістер дәуірінде Қазақстанның қуатты экономикалық серпіліс жасауы үшін барлық мүмкіндіктері бар екендігін айтқан еді.
Бүгінгі таңда атом энергетикасының дамуы экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет басшысының өзі біздің елімізде атом станциясын салудың орынды екендігі туралы түрлі пікірлерді атап өтті. Әлемдегі уранның ірі өндірушісі ретінде Қазақстанға өзінің атом генерациясы болатын кез келді. Көптеген азаматтар мен бірқатар сарапшылардың қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтары бар. Бірінші кезекте, бұл алаңдаушылық Семей ядролық полигонының қайғылы мұрасымен байланысты.
2019 жылы Президент өзінің сайлауалды тұғырнамасында ең маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер референдумдар арқылы қабылданады деп уәде берді. АЭС салу немесе салудан бас тарту-еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан Президент оны өтетін мерзімі әлі белгісіз ұлттық референдумға шығаруды ұсынған еді.
Жалпы, Президенттің реформалары елді жаңғыртуға, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға және оның әлемдік аренадағы саяси және экономикалық ұстанымын нығайтуға бағытталған. Реформалар аясында құқықтық жүйені, экономиканы, білім беруді және әлеуметтік саланы дамытуға, сондай-ақ саяси бәсекелестікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге баса назар аударылуда.
Гаухар Құсайынова, Егіндікөл аудандық МҮ директоры, қоғамдық пікір көшбасшысы.