Понедельник, 25 ноября, 2024
ЖаңалықтарҚоғамСпортКөбеген көтерген көк шұбар тас

Көбеген көтерген көк шұбар тас

Сондай-ақ, оқыңыз...

Тас көтеру – қазақ даласында ежелден келе жатқан дағды. Атан жілік, бура сан балуандар кейде жиналған көптің көңілін көтеру үшін, кейде күш сынасу үшін көтерген тасын қазақ «балуантас» деп атаған. Қазақ халық ертегілерінде «Таусоғар», «тау көтерген Толағай» сияқты кейіпкерлердің болуы да балуантас көтерумен қазақтар ежелден айналысқанын айғақтаса керек. А.Янушкевич те қазақтардың тас көтеріп жаттығатынын, бұл жаттығуда Барақ сұлтанның алдына жан салмайтын алапат күш иесі екендігін таңдана жазуы балуантас көтеру Қазақ хандығы дәуірінде де болғанын дәлелдейді.

Балуан тас көтеріп, артына өз күшінен белгі тастап кеткен алыптың алыбы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы таудың сұрғылт тасын (салмағы 480 келі) жұрт «Қажымұқан тасы» деп атап, атақты балуаннан қалған ескерткіш ретінде қадірлейді. Қажекең бұл тасты досы Субек Қуанышбайұлына естелік ретінде көтеріпті деген дерек бар. «Халық айтса қалт айтпайды», күш атасының жарты тоннаға жуық тасты көтергені рас та шығар. Түлкібас ауданындағы Қажымұқанның 75 жасында көтерген тасының өзі 350 келі салмақ тартатынын ескерсек, кейде адам баласының күшіне мойындамасқа шараң жоқ. Қазақтың бір туар өнер иесі, атақты балуаны Балуан Шолақтың:

Бұл күнде жиырмада менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт гірдің тасын, – деген өлеңін иісі қазақ түгел біледі.

Есептей беріңіз, 51 пұт – 816 келі! Балуан Шолақ бұл рекордын кейін өзі өзгертіп, 1 тонна 70 келі (67 пұт) тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойған делінеді. 800 келі емес, 200 келіні көтеретін жігіттің өзі некен-саяқ кездесетін мына заманда Балуан Шолақтың соншама ауыр салмақтағы тастарды көтергені ел сенбейтін ертегі сияқты. Бірақ шындық солай.

Қазақтың қара күшінің символы болған балуантастар қазақтар бір шама шоғырлы қоныстанған Қытайда да аз емес. Айтайық: Қайысбай Иісұлы 37 жасында көтерді делінетін салмағы 500 кулі (мөлшермен) келетін балуантасы қазір Мори Қазақ Автономиялы аудандағы мұражайдың алдына көрмеге қойылған. Ақметжан балуан көтерген 389 келі келетін ақ сопақ тас балуанның Бурылтоғайдағы зиратының басында тұр. Солтыкен Көкішұлының 22 жасында көтерген 292 келілік тасы да қазір Алтай қаласына қарасты Шірікши ауылдық жатақты мектебінің алдында тұр. Әрине, бірден тізіп айтсақ, қазақ қоныстанған өңірдің кез келген жерінен балуантастар кездеседі. Біреуі бір-бір тарихтың куәсі болған осы тастардың арасынан бүгін біз тарихы бүкіл Қытай, Моңғолия қазақтарына аңыз болған Көбеген көтерген көкшұбар тас жайында сыр шертеміз.

Көбеген Киікбайұлы – XVIII ғасырда жасаған әйгілі тұлғалардың бірі. «Алдымен өр Алтайға Уақ келген, артынан Керей, Найман шұбап келген» делінетін қазақ халқының Қалба тауынан Алтайға жылыстай көшіп жеткен мезгілінде көш бастаған Көбеген ақылдың да, қара күштің де иесі болған.

Тарихи деректер мен шежіресі ақсақалдардың айтуына қарағанда, Абақ керейлер Орысқа бодан болудың қаупінен құтылу үшін Жәнібек батырдың бастауымен Ордың қара ағашынан көшіп, ұлы Ертіс пен Зайсан көлінің оңтүстігіндегі Қалбадан Сауыр-Сайқанға дейін созылып келіп қонады. Ол кезде керей Жәнібек, Байтайлақ батырлар қартайып қалған кезі екен. Қанаттас отырған рулармен жер дауы, жесір дауы туылып, өріс, қонысқа таласып, елден тыныштық кете бастайды. Сонымен қарт батырлар кеңесшілерін жинап әуелдегі атамекен Алтайға көшуді ақылдасады әрі Абылай ханның «алдарыңда ханы жеңіліп, аттан түссе де үзеңгіден түсе қоймаған ата жауларыңның қалдығы бар. Көшуден бұрын жер шалып, қоныс байқап алыңдар» деген ақыл-кеңесі бойынша 9 батырды Ертістің екі жағын өрлете жер шалуға жіберіпті. Шолғыншылар бытырай қоныстанған ұраңқайлар мен біраз қалмақтардан басқа бел шешіп, жол тосып жауласа қоятын көп кедергі күштің жоқ екенін көріп қайтады.

Сонымен Жәнібек батырдың «сақтық үшін қазіргі қонысты сақтай тұрып, біртіндеп ілгерілей көшіңдер» деген ақылы бойынша Байқан, Ештаған, Көбеген, Қырбас, Барлыбай батырлар бастаған ел ертістің төменгі алқымынан өтіп Алтайға бет түзепті.

Көбеген бастаған көш үдере тартып, қазіргі Алтай аймағының Буыршын өңіріне келіп, ірге теуіпті. Алайда жаңа көшіп келген ел киіз үйдің іргесін көміп, қыстан шыққанымен, өзен бойының аязы қатты, мал-жанға жайсыз екендігін байқайды. Сонымен көктем шыққанда Көбеген батыр Буыршын өңірін мекендеген ұраңқайлардың төресі Байнұғұлмен кездесіп, жол шығатын үш ауызды (Ауызқора, Еүшіген, Төстұма) қыстаулыққа сұрайды. Бірақ отырықты елдің төресі бірден жауап бермей, ақылдасайық дегенді сылтауратып, сөз ұстатпайды. Жаз өтіп, күз келіпті. Көбеген батыр да қуарлап қоймапты. Бір күні Көбеген өзен жағалап түйе көздеп келе жатып, өзеннен өтпек боп, қайық тосқан Байнұғұл 4-5 адамға кездесіп қалады. Амандықтан кейін Көбеген тағы да қыстаулық жайын сөз етсе керек, сонда ұраңқай төресі: «Ер шекіспей бекіспейді» деген сөз бар. Мен бір кесім айтайын. Орындап кетсең, сұраған жеріңді аласың. Орындай алмасаң бұл жерден көшесіңдер» депті. «Айт келісіміңді, тұрыссаң да, алыссаң да мен дайын», – деп Көбеген де шорт кетіпті. Байнұғұл су шетінде жатқан қазандай көкшұбар тасты нұсқап: «Күшті болсаң, ана көкшұбар тасты көтеріп мына тепсеңге шығаршы қане», – депті.

Көбеген сыртқы киімдерін шешіп жеңілтектеніп, мәсісін қоңылтаяқ киіп барып тасты алғаш көтергенде, су соқты болған балдыр жапқан майда тас қолға тұрмай сырғып түсіп кетеді. Ұраңқайлар шу ете түседі. Ел намысы мен ер намысы бірдей жебеген Көбеген бұған да ақыл табады. Жейдесін шешіп, екі жеңін қайта киіп, етегімен тасты орай құшақтай көтеріп, көкшұбар тасты жағаға алып шығыпты. Сонда Байнұғұл күректей қолымен Көбегеннің екі иығынан ұстап «Қайратыңа сүйіндім, өріс-қонысымыз бірге болсын, тамыр болайық» деп ризашылық танытыпты.

– Жә, батырым, сертке құлдық. Берекелі ел, жақсы дос болайық, сөзімізге куа, ісімізге тұғыр болған осы тасты ана кезеңге шығарып белгі етемін. Серттен тайғанымызды тас атсын! – деп Көбеген көкшұбар тасты кеудесіне көтеріп, 200 метр шамасындағы қабақтың үстіндегі ошақ тастың үстіне қойыпты. Онысы серттескен игі істің ескерткіші болған балуантасты бөгде ниетті біреу суға құлатып жіберіп, «мұндай іс болған жоқ» деп жалтарып жүрмесін деген сұңғыла ойдың бекімі екенін кейін Көбеген өзі айтыпты. Бірақ қыстаулық алып қоныстану жұмысы осымен тыным бола қалмапты. Жыл өтіп, көктем келгенде қазақ ішіне таралған «Көбегеннің көтерген тасынан, көрсеткен қайратынан жүрегі шайылыққан ұраңқай төресі қыстаулықтарды босатып беріпті» деген жел сөз Байнұғұлдың да құлағына неше түрленіп жетсе керек, қорсынған қотыр сөзге ашуы келіп, намысы қозған ол Көбегенге кісі жіберіп, тұрыстық байқатады.

− Біздің ханымыз жеңілгенімен, бағынған патшамыз бір. Қазақ-қалмақ киіз туырлықты халық деп берекені ойлап, өріс-қоныс берсек, сендер бізді қорладыңдар. Бір кесек тасты кім көтермейді, егер кейінгі берекені ойласаңдар, түтін саны бойынша жербасар төлеңдер! Болмаса көшіңдер, – деп теріс айналады.

Көбеген батыр ел ақсақалдарымен ақылдаса келіп, ел-жұрттың ірге көмген ұлы ісін бітпес дауға айналдырмай бейбіт шешу үшін еншісі бөлінбеген отауларды шығарып тастап, 170 түтінге 170 лақты ешкі беріп, кикілжің дауды басқан екен. Міне, осындай тарихи оқиғаға астар болған Көбеген көтерген көкшұбар тас кейін орнынан құлатылып, құрылыс салғанда шығарған үйінді топырақтың астында қалды. Сәтіне басқанда жер тарихы – ел тарихы екенін ескерген ұлтшыл азаматтар көкшұбар тасты көміліп қалған жерінен қаздырып алып шықты.

Содан бері бұл тас алыс-жуықтан келген саяхатшылардың, фотографтардың таңсық көріп тамашалайтын бір белгісіне айналды. Қазір бұл тас Қытайдың Буыршын ауданының Шұңқыр ауылындағы орта мектептің алаңында бабадан қалған бір белгілі ретінде ескерткішке қойылды. Көбеген көтерген көкшұбар тастың астарындағы әңгіме, міне, осы.

Арабша төте жазумен жазылып, газетке жарияланған нұсқасын толықтай кірілшеге аударып, жазған: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі, өлкетанушы, қарт ұстаз Бакейұлы Қаз;
Тарих танушы: Абдрахманұлы Қапар.

spot_img
- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы тағайындалды

Ақмола облысы әкімінің өкімімен Мағжан Қайратұлы Ержан Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы болып тағайындалды. Мағжан Қайратұлы Еуразия технологиялық университетін, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар...

Ақмолада Мемлекеттік бюджетті атқару кезінде жемқорлық тәуекелдері бойынша бухгалтерлерге арналған семинар өткізілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаментімен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, білім беру және спорт саласындағы ұйымдардың бухгалтерлері үшін мемлекеттік бюджетті атқару кезіндегі сыбайлас...

296 фермердің 618 млн. теңгеден астам сомаға субсидия алу құқығы қалпына келтірілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызмет берушінің кінәсінен «Саны зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге және...

Көкшетауда Тұрлыхожа Базаровтың 75 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

1 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрлыхожа Базаровтың 75 жылдығына арналған «Күмбірлеткен кеудемді...

Ақмола облысында қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсатта пайдаланудың 21 фактісі анықталды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалануға тыйым...