Наурыз мейрамы – шығыс халықтарының бес мың жылдан бері тойлап келе жатқан ұлық мерекесі. Бұл мерекеде бабаларымыз жылды күткен, жақсылық күткен. Жер бетіндегі жақсылық атаулының жаршысы осы Наурыз тойы деп ұққан. Сондықтан Наурызды хал-қадірінше ұлық мереке ретінде атап өтуге тырысқан. Біздің қысы ұзақ та қаһарлы кең даламызға наурыз келгенде қазақ халқы ел-жерді Қыдыр аралайды, оның назары кімге түссе, соған Қыдыр дариды деген мифологиялық сенім болған. Қазақтың бай этнографиясының көп нышанын осы Наурыз мейрамынан көруге болады. Әр отбасы үйіндегі қуанышты жағдайды атап өтуді осы Наурызға орайластырған. Бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той сияқты отбасылық мерекелердің Наурыз тойымен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балаған.
2021 жылдың 19 наурызы күні Әдебиет және өнер музейінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Наурыз мейрамын лайықты дәрежеде атап өту мақсатында «Әлди, әлди, ақ бөпем» атты бесік жыры сайысының марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау салтанатына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі қатысты.
Бұл сайыстың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ана тілдің қолдану аясын кеңейтіп, жас аналардың қазақтың дәстүрлі бесік жырына деген құрметін арттырып, ұрпақ тәрбиелеу жолында халқымыздың бай ауыз әдебетін насихаттау болатын. Облыстың 16 ауданы мен Көкшетау қаласынан қатысқан үміткерлер арасынан сайыстың негізгі бөліміне 4 қатысушы іріктеліп алынды.
Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, мәдениет саласының ардагері Күміс Мұратбековадан тұратын қазылар алқасы қатысушылардың деңгейіне жоғары баға бере келіп, Сандықтау ауданынан қатысқан Рабиға Мұқановаға «Өнерлі келін» номинациясымен ІІІ орынға, Біржан сал ауданынан қатысқан Бибінұр Шәмшиеваға «Инабатты келін» номинациясымен ІІІ орынға, Көкшетау қаласынан қатысқан Жанасыл Оңғарбайқызына «Өнегелі келін» номинациясымен ІІ орынға лайықты деп танылды. Жақсы ауданынан келген Мәдиана Жилькенова «Үздік келін» атанып, сайыстың бас жүлдесін иеленді.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом мен арнайы сертификатты табыс еткен облыс әкімі Ермек Маржықпаев ұлттық салт-дәстүрдің насихатталуы қазіргі уақытта өте қажет екенін айта келіп, жиылған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы облыс аумағында да кеңінен тойланатынын атап өтті. Іс-шара соңында жиылған қауым музей ұжымы дайындаған мерекелік дастарханнан дәм татып, игі тілек білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.