«Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Қазақтың еркелеткен бір қызымын» атты концертте «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының» әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде.
Концертте Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ерболат Шалдыбеков, Дінисламбек Жайлаубай, Бибігүл Жанұзақ секілді танымал өнер майталмандарымен бірге «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Роза Бағланованың репертуарынан әндер шырқауда.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚСРО мен Қазақстанның «Халық әртісі», «Халық қаһарманы» Роза Тәжібайқызы Бағланованың есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, ел Үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы қаулысына сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» ұлы әншінің есімі берілді.
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін бұлбұл әншінің мерейтойы осы жылдың 1-наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылып, республиканың барлық аймағында ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласынан бастау алған гастрольдік сапар СҚО, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады.