Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы №26 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жаңа ашылған «Төтенше жағдайлар департаменті-Адалдық алаңы» фронт-офистің жұмысымен танысты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде ашылған фронт-офистің жұмысы туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев айтып берді. Оның сөзінше, фронт-офисте үш адам жұмыс істейді.
Мұнда азаматтар азаматтық қорғаныс, нысандарды өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру, төтенше жағдайды жоюдың алдын алу, сондай-ақ, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша мамандардан жедел және кедергісіз көмек алатын болады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ашық диалог алаңы бірінші қабатта орналасқан, сондай-ақ күту үшін ыңғайлы орын, ақпараттық стендтер, имидждік бейнематериалдар көрсетілген теледидар қарастырылған.
Айталық, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта облыстың барлық 19 өңірі мен Краснояр ауылының әкімдіктері «сервистік» жұмыс форматына көшті, ал, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Ореn space және front office форматындағы 96 кабинет ашылып отыр.
Сондай-ақ, барлық аудан мен қала әкімдіктерінің бірінші қабаттарда азаматтарды қабылдауға арналған Ореn space форматындағы кабинеттер орналасқан.