Жексенбі, Маусым 23, 2024
28.2 C
Kokshetau
30 C
Nur-Sultan
30 C
Almaty
ЖаңалықтарӨңірлерКөкшетауКөрікті Көкшетаудың көріксіз тұстары көрген адамның көңіліне қаяу түсіреді

Көрікті Көкшетаудың көріксіз тұстары көрген адамның көңіліне қаяу түсіреді

Алдағы уақытта біздің облысымызда өткізу жоспарланып отырған «Қазақстан-Ресей» ынтымақтастық форумы қарсаңында Көкшетау қаласында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік коммуникация, қалаішілік жолдардың ескісі жаңартылып, жаңасы салынуда. Әсіресе, «Сарыарқа» шағын ауданы, Қопа көлінің жағасында жағажай мен Назарбаев даңғылындағы Қылшақты өзені арқылы өтетін көпір құрылысы, «Болашақ сарайы» ғимараты мен  «Көктем» шағын ауданында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қала тұрғындарының көңілінен шығады. Алайда, жылдан – жылға көркейіп келе жатқан Көкшетаудың көркіне селкеу түсіретін нысандар да жоқ емес. Осыған байланысты редакциямызға хабарласып, осы мәселені көтерген оқырмандардың хатын жариялауды жөн санап отырмыз.

Жаңарған көшенің сұрқын бұзып тұрған дүкен қашан бұзылады?!

Осы жұмыстардың шеңберінде «Васильковка» мен «Көктем» шағын аудандарының ортасынан өтіп, «Сарыарқа» шағын ауданына апаратын күре жол жаңадан төселіп жатыр. Мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған. Бұл жердегі құрылыс жұмыстары мен сәулет жобасы көрген адамның көзін сүйсіндіреді. Тек, бір әттегені-ай, ол осы жаңарған көшенің сәнін бұзып тұрған  «Аида» дүкені дер едік. Тұрғындар жүріп-тұруға кедергі әрі көзге күйік дүкеннің жолдың қақ ортасында тұрғанына наразы.

«Бұл жерде «Девчата» асханасы мен дүкені болды. Жолдың ортасында тұрғандықтан асхана тұрғындардың жүріп тұруына кедергі келтірді. Жаңа жол салатын болған соң оны бұзып алып тастады.  Ойлаған едік, е дұрыс болды деп. Алайда, жол салынған соң бұл жерге қайтадан «Аида» дүкені ашылды. Тура велосипед жолының бойында. Мүлдем ыңғайсыз, әрі көшенің сәнін кетіріп тұр. Сондықтан, қала басшылығы бұл дүкенді басқа жерге көшірсе екен»,  – дейді қала тұрғыны Боранбай Көмекей.

Өзі биік, көзге күйік

Қаланың сәнін кетіріп тұрған тағы бір нысан – ол Абылайхан даңғылындағы «Мечта» сауда үйінің бүйірінде орналасқан 3 қабатты қаңырап бос тұрған ғимарат. Бұл ғимараттың «сақалы сапсиып» тұрғанына көп жыл болды. Не салынбайды, не сырылмайды, айнала бетон қабырғамен қоршалған ғимарат сонау 80 жылдары ашылған бұрынғы «радио зауыттың» меншігінде. Кеңес үкімет кезінде дүрілдеп тұрған зауыттың бүгінгі күні базары тарқап отыр. Сол себепті, бұл ғимараттың жақын арада қалпына келтірілмейтіні анық.

«Қала қаншалықты көркейіп келе жатқанымен өзі биік, көзге күйік ғимарат анадайдан көзге түседі. Жергілікті билік көрікті Көкшетаудың келбетін бұзып тұрған осы ғимараттың мәселесін оң шешсе деген тілегім бар», – дейді қала тұрғыны Әнуар Бақсейітов.

Көшеміз тегіс, ауламыз ойық

Өткен жылдың күзінде облыс орталығындағы Назарбаев пен Абылайхан даңғылдары және Сүлейменов көшелеріндегі тәп-тәуір асфальт қырылып, үстіне қайтадан су жаңа жабынды төселді. Бұған осы даңғылда тұратын тұрғындар қуанудың орнына, керсінше, өкпесі қара қазандай. Осыған себеп те бар. Тұрғындардың айтуынша, осы тәп-тәуір көшеге төселген асфальтқа кететін ақшаға әлгі күнге шейін ойдым-ойдым болып тұрған үй аулаларын жақсартуға болар еді.

Мәселен, Абылайхан 9, 5 және 11 тұрғын үйдің арасындағы ауладан жаяу адам түгілі танк өте алмайды. Жердің ойылып қалғандығы соншалықты жеңіл көліктердің асты тіреліп, бампері жұлынып түседі. Қаланың орталығы болса да, таксилер бұл жерден айналып өтуге тырысады. Ал, жаяулар болса, абайлап жүрмесе, сүрініп құлап қалуы әбден мүмкін.

«Қаланың қақ ортасы дегені аты ғана. Ауламыздың сау-тамтығы жоқ. Жаяулар жолының түрі мынау, тап бір снаряд түскендей. Ауыр жүк көліктері жүріп өткендей, ойық шұңқырлар жеңіл машинаның есігінен келеді. Темір тұлпарымыздың түбін қырып, әбден сындырып бітіретін болдық. Апта сайын станцияға барып жөндетеміз. Ал, әкімдіктегілер болса, тәп-тәуір көше жолдарының үстіне жап-жаңа асфальт төседі. Мұны енді қалай түсінуіміз керек? Бұл бюджет қаржысын жөнсіз шашу демей немене?!, – дейді қала тұрғыны Григорий Иванов.

Айталық, Абылайхан даңғылындағы 9-шы тұрғын үйдің ауласындағы жер телімін осыдан 3 жарым жыл бұрын жеке кәсіпкер сатып алған болатын. Оны әкімдік құжаттарын рәсімдеп сатты. Осы ретте, айта кету керек, Абылайхан 9, 5 және 11 тұрғын үйдің бірде тұрғыны үй ауласында аталмыш нысанды салуға рұқсат бермеген, ал, кәсіпкер құжаттарын рәсімдеген кезде тұрғындардың қолдары тұрған. Бұл жерде бір шикілік бар. Сыбайлас жемқорлықтың исі аңқып тұр. Іс насырға шапса, оның да ақ-қарасы анықталып, тиісті жазасын алатыны сөзсіз. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Дегенмен, кәсіпкер ойын-сауық нысанын сала бастағанда тұрғындар наразылық білдіріп, іс сотқа жетті. Сот әкімдік пен кәсіпкер арасындағы сауда-саттықты жоққа шығарып,  аталмыш тұрғын үй аласына қандай да бір нысан салуға тиым салған болатын. Содан бері, бұл аулаға әкімдіктегілер де қарасын көрсетіп келген жоқ, жер аламын деп бүтін жердің ойранын шығарған кәсіпкер де артын жинап кетпеді.

Кейін араға 3 жарым жыл салып, осыған дейін сотта тұрғындардан жеңіліп қалған жеке кәсіпкер аталмыш үй ауласын темір қабырғамен қоршап көпбейінді ғимараттың құрылысын қайта бастады. Әрине, заңды белшесінен басып, тұрғындардың арыз-шағымына елең етпей, соттың шешімін ысырып тастап. Бұл әрине, онысызда билікке өкпесі қара қазандай тұрғындарды одан сайын ашындырды. Кәсіпкер мен тұрғындардың арасындағы жанжалға қала әкімі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері араласып, көпбейінді ғимарат құрылысы қанша мерзімге екені белгісіз, уақытша тоқтатылды.

Алайда, қазіргі таңда темір қабырғамен қоршалған бұл жерден Абылайхан 9, 7 және 5 тұрғын үйлердің аулаларына жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері кіріп-шыға алмай әлек. Ол аздай, бұл жерде балалар ойнайды. Тұрғындар балаларын көлік қағып кетпесін алаңдаса, енді бір жағынан ғимараттың іргетасын орнату үшін қазылған орға құлап кетеме деп те қорқады. Кәсіпкер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына шағымданып, олардың көмегімен құрылысты қайта бастауға үміттеніп отыр. Отау ішіне отау тігіп алғандай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағыларда Қазақстан Республикасының заңдары, сот шешімі, халықтың пікіріне құлақ асып жатқан жоқ, «ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген қағиданы ұстанатын сияқты.

 «Юбилейный» стадионы қашан жөнделеді?

Көзге түрпідей тиетін тағы бір нысан – ол «Центральный» шағын ауданында орналасқан «Юбилейный» стадионы дер едік. Облыстық дәне шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, аталмыш нысан қала әкімдігінің балансында көрінеді. Қаланың орталығында орналасқан нысанға осыдан бірер жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілетіні жоспарланған болатын. Сол кездегі жоба бойынша стадионда 8 мың адамға орын қарастырылған. Стадион қазіргі заманғы спорт түрлерінен ойындар өткізуге арналған еді. Ол үшін 2 миллиард теңгеден астам қаражы да қарастырылды. Алайда, кейін жоба қайта қаралып, шығынды азайту жөнінде тапсырма берілген болатын. Содан бері бөлінген қаржы да жоқ, жөнделген стадион да жоқ.

«Стадионды көргенде ішім ауырады. Орналасқан жері қандай тамаша, қаланың қақ ортасында. Инфрақұрылымы да жақсы. Мына жағында триатлон, мына жағында теннис алаңдары бар. Осы жерді үлкен спорт кешеніне айналдыруға болар еді. Осыны неге қолға алмасқа? Осындай стадиондар әлі күнге шейін қирап, жөнделмей жатқанда бұқаралық спортты дамытып жатырмыз деу қу шөппен ауыз сүртумен пара-пар», – дейді қала тұрғыны Серікбай Төлегенов.

Маскүнемдер мен қаңғыбастардың «саябағы»

Әуелбеков және Сағдиев көшелерінің қиылысында, «Сәтті» сауда үйінің жанында қоршалған жер телімін осылай демеске амал жоқ.  Бұл жер телімінің қоршалып тұрғанына ұзақ жыл болды. Іші ну орманға айналып кеткен бұл жерді маскүнемдер мен қаңғыбастар өздерінің тұрақты мекеніне айналдырып алғанына біраз жылдың жүзі болды.

«Бұл жерге әкімдіктегілер де, жер жетпегендей тұрғын үйлердің қуыс-қуысына үй салуға әуес құрылысшылар да жоламайды. Неге екені белгісіз? Бәлкім, бір дөкей иесі, не бір киесі болуы мүмкін», – дейді қала тұрғыны Ерқанат Жайсаң.

Расында да, облыс орталығының сұрқын бұзып тұрған осындай нысандар жетерлік. Қалалық әкімдіктегілер көрген адамның көңіліне қаяу түсіретін осындай нысандардың иесін анықтап, заң аясында неге бір жөнге келтірмеске?!.

 

- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Тауларда Қарағанды қаласының тұрғыны құтқарылды

Ер адам Бурабай курортының ең биік тауына көтеріліп, өздігінен түсе алмады. Оқиға орнына Ақмола облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының және «Бурабай» МҰТП құтқарушылары келген бойда Қарағандыдан...

Киелі мекендердің табиғатын бірге сақтайық

ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС, Бурабай курортында кезекті экологиялық акция өткізді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Серіктестіктің 30 - дан астам...

Дәрігер – мамандықтың асылы!

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында «Елімізге еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз...

Ақмола облысының су айдындарында 2 өлім тіркелді

Соңғы үш жылда шомылу кезеңінде облыс су айдындарында жазатайым оқиғалар кезінде 51 адам қаза тапты, оның 19-ы – балалар. Ақмола облысында шомылу маусымы басталғаннан бері...

Жолдың сапасы бақылауда

Биыл Ақмола облысында жолдарды салу және жөндеу бойынша 120 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Аймақтың көлік инфрақұрылымын жақсарту бастамаларына 60 миллиард теңгеге жуық қаражат...