ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Конституция күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында полиция жəне өрт сөндіру қызметі, облыстық бәлім және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары, коммуналдық қызмет және «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына су жаңа 44 арнайы қызметтік автокөліктер мен тракторлардың кілтін табыс етті.
Абылай хан алаңында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы өңірде жылдан жылға құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жақсартылып келе жатқандығын атап өтті.
«Биыл Егемендігіміздің 30 жылдығының мерейтойын қарсы алып отырмыз. Бұл атқарылған жұмыстарымызды қорытындылап, жетістіктерімізді саралайтын кезең. Осы Тәуелсіздігіміздің арқасында өзіміздің Ата заңымызды қабылдадық. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Констициясы күнімен құттықтаймын. Бұл мереке біз үшін ерекше. Бүгінгі күні құқық қорғау орғандары мен төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамсыз ету, төтенше жағдайларды алдын алуда үлкен міндеттер жүктеліп отыр»,- деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы алдағы уақытта да осындай игі істердің жалғасын тауып, мемлекеттік органдардың автопаркінің нығайтыла беретінін атап өтті.
Шара барысында аймақ басшысы бір топ ақмолалық жастарға жеке куәліктерін тапсырды.