Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп квазимемлекеттік сектор өкілдері үшін түзеу колониясына профилактикалық экскурсияны ұйымдастырды.
«Көкшетау тәжірибе-өндірістік шаруашылығы» ЖШС және «Асыл түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталық» АҚ жұмыскерлері Степногорск қаласының ЕЦ-166/18 мекемесіне барып, сотталғандарды ұстау жағдайымен танысты.
Іс-шараға қатысушыларға сотталғандарға арналған жатақхана, асхана, тәрбие жұмысына арналған бөлме, тәртіптік изолятор көрсетілді. Сондай-ақ, колония базасында тігін өндірісі орналасқан, онда жазасын өтеп жатқан адамдар жұмыс істейді.
Экскурсияны ұйымдастырушылар атап өткендей, мемлекеттік қызметшілердің және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне баруы олардың сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдарын ұғынуына және алдағы уақытта құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Гранитный кенті мен Степногорск қаласының түзету колонияларына мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының және Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығының Ақкөл филиалының ұжымдары барған болатын.