Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтардың 27-де Есіл аудандық полиция бөліміне жергілікті ЖШС –нің күзетшісі хабарласып, белгісіз біреулердің шеберхананың техникалық бөлмесінің есігіндегі құлыпты бұзып, кранға арналған ұзындығы 50 метр мыс сым кабелін ұрлағанын айтқан.
«Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілер анықталып, Есіл ауданының 25 және 28 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Анықталғандай, күдіктілер ұрланған кабельді гаражда бөлшектеп, түсті металл қабылдайтын орынға өткізген. Заттай айғақтар алынды», — деп атап өтті ведомстводан.
Қазіргі кезде, күдіктілердің үстінен ҚР ҚК 188 бабының 3 бөлігі «ұрлық» бойынша із қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты «шақырғанда келу міндеттемесі» процессуалдық шарасы қол алынды.