Ақмола облысына ағымдағы жылдың 12 мамыр мен 20 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері — А.С.Үйсімбаев, Ю.В.Кучинская, М.С.Елубаев пен М.А.Құсайыновтың халықпен кездесулері жоспарланған. Ондағы басты мақсаты — Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтетін жалпыхалықтық референдумды қолдау, яғни халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу.
Мамырдың 13-і күні халық қалаулылары Бурабай ауданының Кіндікқарағай ауылындағы іске қосылғанына 1 жарым жылға жуықтаған сүт-тауарлы фермасының еңбек ұжымымен кездесіп, алдымен маусымның 5-і күні өтетін референдумның маңыздылығын түсіндірді.
«Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізілмек, бұл 50-ден аса түзетулер деген сөз. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Өйткені, реформа отандық құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. Суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшетін боламыз. Бұл азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы шындыққа сай емес ақпараттар тарап жатыр. Сондықтан біздің мақсатымыз халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Нақты қандай өзгерістер енгізілетін, не өзгеретінін халыққа түсінікті тілмен жеткізу. Кешеден бері халықпен жүздесіп жатырмыз. Түсіндіргеннен кейін барлығы қолдайтынын байқадық»,- деді депутат Мәди Елубаев.
Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев 1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады,-дейді. Халық қалаулыларын мұқият тыңдаған ауылдықтар Президенттің реформалары елдің дамуына оңтайлы ықпалы тиетініне сенімдерін бар екенін білдіре отыра, референдумның өтуін қолдайтындықтарын танытты.
«Бізге Жаңа Қазақстанды қайтсек құра алатынымыз жөнінде жақсы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соны біз қолдаймыз. Президентіміздің Жаңа Қазақстан құрайық деген Жолдауын оқыдық, Президентті қолдаймыз. Тек ауылға көбірек көңіл бөлінсе дейміз. Біз міне, шағын болса да осы шаруашылық ұжымымен Президенттің бастамасын қолдаймыз. Референдумға ұжым болып қатысамыз деп отырмыз», — дейді сүт тауарлы ферманың мал дәрігері Бейсенбай Ахметов.
Халық қалаулылары сүт–тауарлы ферманың жұмысымен танысты. Айта кетейік, Бурабай ауданында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Әсіресе, шаруалар өндіріске бет бұруда. Мәселен, сүт-тауарлы фермасы сүт өндірісін іске қосу мақсатында Чехиядан 93 асыл тұқымды (симменталь) ірі қара сатып алған. Бүгінде мұнда күніне 1 мың тонна сүт сауылады.
Халық қалаулыларымен жүздескен ауылдықтар зейнеткерлік жасын төмендету бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, шабындық және жайылымдық жер мәселесін көтерді. Ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтарға жауап берген Асқарбек Үйсімбаев бұл атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ал зейнеткерлік жас туралы сұрақтар әлі де талқыланып жатқанын айтты.
Жалпы, референдумды қолдау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында мәжілісмендер Ақмола облысының барлық аудандарында болып, тіпті шалғай ауылдардың тұрғындарымен жүздесуді жоспарлауда.