Суббота, 23 ноября, 2024
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік қызметМемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі жаңа тәсілдер

Мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудегі жаңа тәсілдер

Сондай-ақ, оқыңыз...

Мемлекеттік қызметшілердің парызы — халыққа бағдарланған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын қамтамасыз етуде біртұтас механизм іспетті қызмет ету. Осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып, ел үмітін ақтаудан және адал еңбегі үшін халықтың ризашылығына ие болудан артық дүние жоқтығын әрбір мемлекеттік қызметші жақсы түсінуі керек.

Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді, бағындырған шыңдарымызды мақтан етуге бәріміздің де құқығымыз бар. Біз ашықтықтың, сервистіліктің, ұтқырлық пен клиентке бағдарланудың жаңа деңгейіне жеттік, цифрлы әрі бюрократиядан алшақ жүйеге көштік. Десе де, әлі алдымызда талай үлкен асулар мен ауқымды мақсат-міндеттер тұр.

Әрбір мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыдан дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы – бірінші кезекте осы кәсіби деңгейі жоғары мемлекеттік қызметшілерге байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің үздіксіз кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше ден қойылады. Осы орайда мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға көптеген өзгерістер және толықтырулар енгізіліп, бүгінгі күні осы жаңашылдықтардың алғашқы нәтижелерін байқап отырмыз.

Мәселен, мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету және осы бағыттағы артық кедергілерді жою мақсатында Ақмола облысының жергілікті атқарушы және өкілдік органдарында, тексеру комиссиясында бос лауазымдарды жалпы конкурс арқылы иелену пилоттық режимде eqyzmet.gov.kz порталында онлайн іске асырылады. Конкурстық рәсімнің бұл форматы үміткерлерге әлемнің кез келген бұрышынан барлық кезеңдерде конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлерге құжаттарды жинаудан босатады. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау-мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жүзеге асырады.

Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысында пилоттық режимде 584 конкурс жарияланды, олардың 451-і облыстық, аудандық, ауылдық әкімдіктерде, 127 — облыстық басқармаларда, 4 — аудандық мәслихаттарда, 2 — тексеру комиссиясында. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап пилоттық режим Ақмола облысы бойынша статистика, әділет, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінде, атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінде енгізілетін болады.

Мемлекеттік қызметке түсуді барынша жеңілдету мақсатында лауазымдарды конкурстан тыс тәртіпте иелену бойынша белгілі нормалар қабылданды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі кейбір мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуы мүмкін. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық өңірлерге оралуын ынталандыруға, сондай-ақ өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын төмендетуге ықпал етіп, мемлекеттік қызметке кіру процесін айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Атап айтқанда, осы норма заңды күшіне енген уақыттан бері 15 түлек Ақмола облысының аудандық және ауылдық деңгейлеріндегі түрлі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.

Уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтеді. Мысалы, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сонымен қатар дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары Агенттікпен келісу арқылы конкурстан тыс тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды. Мұндай тағайындаулар Ақмола облысы Есіл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы және Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы лауазымдарына жүргізілді.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға сəйкес «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады. Мысалы, өкілеттік мерзімі аяқталған 3 ауыл әкімі Ақмола облысының Біржан сал және Атбасар аудандарында түрлі лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету және ынталандыру шараларына барынша көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 2020 жылдың қазан айынан бастап ауылдық елді-мекендердегі мемлекеттік қызметшілердің тапшылығын жою, жас мамандардың әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мемлекеттік қызметшілер үшін де қолжетімді. Яғни, ауылдық жерде жұмыс істеп, тұруға келген мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.

Әлеуметтік қолдау шаралары ауыл әкімдіктеріндегі бас мамандарға және жетекші мамандарға беріледі. 2020 жылдың қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін осы бағдарлама шеңберінде бюджеттік несие түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары 50 мемлекеттік қызметшіге көрсетілді, оның ішінде 64 004 000 теңгеге тұрғын үй сатып алуға 14 бюджеттік несие және 14 463 600 теңгеге 44 көтерме жәрдемақы төленді.  Бұл шара ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге, жас мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және мемлекеттік қызмет жүйесіне келетін жастардың легін арттыруға ықпал етуде.

Қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, басқа елді мекенге ротацияланған  мемлекеттік қызметшілерге де үй жалдауға төлем енгізілді. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады деген ойдамыз.

«Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидаларына бағалау нәтижесіне сәйкес төрт тоқсан бойы «функционалдық міндеттерін тиімді орындаған» мемлекеттік қызметшілердің келесі жоғары тұрған санаттағы лауазымға ауысу тәртібімен орналасу мүмкіндігі енгізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2 мемлекеттік қызметші бағалау нәтижесіне сәйкес функционалдық міндеттерін тиімді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымға ауысу тәртібімен тағайындалды.

Жастарды, кәсіби мамандарды жеке сектордан кадрларды тарту мақсатында түрлі шаралар қабылданып, тиімді жобалар іске асырылуда. Мысалы, 2018 жылдан бері өңірімізде Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істейді. Оның миссиясы мемлекеттік қызметке талантты, сауатты, білімді, көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту, оларға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларын игеруге мүмкіндік беру. Бүгінгі күнге дейін бұл мектепті 324 тыңдаушы аяқтады. Олардың қатарында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, Гуманитарлық-техникалық академияның түлектері бар.

2023 жылы мектептің жұмысында бірқатар өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, мектепке іріктеу өңірдегі кадр қажеттілігі деңгейіне байланысты болады. Сонымен қатар, мектепке іріктелу үшін студенттер эссе жазуы тиіс. Ал оқыту курстары енді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалымен жүзеге асырылады.

2023-2024 оқу жылында мектепке 25 талапкер өтінім беріп, эссе жазу кезеңінен 17 түлек сәтті өтті. Қазіргі уақытта олар мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуіне тестілеуден өтуде. Тестілеуден сәтті өткен тыңдаушылар диплом алғаннан соң қызметтік жолын мемлекеттік қызметте жалғастырады деген жоспарымыз бар.

Биылғы жылы алғаш рет өңірімізде өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілуде. Бұл жоба арқылы аймақты дамытуға атсалысатын талантты және белсенді жастар арасынан жаңаша ойлайтың көшбасшылардың, жас басқарушылардың пулын қалыптастыру көзделуде.

Құжаттарды қабылдау кезеңінде өңірлік кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін онлайн-порталда 389 адам тіркелді. Олардың ішінде 283 адам өтініш жіберсе, олардың 263-і іріктеудің келесі кезеңі – ҚР заңнамасын білуіне арналған тестілеуге жіберілді. Келесі кезең – жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне 115 адам қатысты, оның нәтижесі бойынша 53 адам құзыреттерді бағалау кезеңіне өтті. Қазіргі уақытта құзыреттерді бағалау кезеңінің нәтижесі жасақталуда. Соңғы кезең – Өңірлік кадр комиссиясында әңгімелесуге 38 кандидат жіберіліп, нәтижесінде өңірлік кадр резервіне 25 маман іріктелуі тиіс.

Өңірлік резервке іріктеп алынған кадрлар 2 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдардағы сайланатын лауазымдарды қоспағанда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Жастардың арасынан өңірлік кадр резервіне үміткерлерді іріктеу біздің облыста индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру секілді 6 салалық бағыт бойынша іске асырылуда.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерін Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарындағы басшылық лауазымдарға тарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта Департамент өкілдері облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметімен бірлесіп, Президенттік жастар кадр резервіне алынған тұлғалармен кездесулер өткізіп, бос лауазымдар туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп отырады. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 24 ақпанында облыс әкімі Марат Ахметжанов Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен онлайн кездесу өткізіп, олармен облыстағы еңбек жағдайлары мен бос жұмыс орындары туралы мәселелерді талқылады.

Аталған жұмыстың нәтижесінде жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің 2024 жылғы 22 мамырдағы өкімімен 2023 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің өкілі Мерей Рамазан Бурабай ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша келісімшарт бойынша жұмыскерді алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде.

Қолданыстағы заңнамаға енгізілген тағы бір өзгерістердің бірі әкімдердің сайлауына қатысты болды. 2021 жылдың маусым айындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен қаулысы негізінде аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдеріне кандидаттардың құжаттарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бойынша тексеру Агенттіктің сәйкестендірілген аумақтық Департаментімен іске асырылады. 2021 жылдан бері Департаментпен облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдеріне 819 кандидаттың, ал 2023 жылы аудандар әкімдеріне 24 кандидаттың құжаттары тексерілді.

Өңіріміздің ардақты мемлекеттік қызмет ардагерлерін ерекше құрметпен атап өту парызымыз. Олардың қатарында Марат Құлмағамбетов, Ғосман Төлеғұл, Валентина Козинская, Шынарбек Батырханов, Ермек Нұғыманов, Николай Политкин, Павел Трищ, Галина Ильяшенко, Ғалия Ташкина және тағы басқалары бар. Олар қазіргі уақытта облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды мемлекетімізге адал қызмет етуге баулуда. Мысалы, мемлекеттік басқарудың сабақтастығын, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмекті, өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен өңірдегі мемлекеттік қызмет ардагерлері қатарынан Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына төрағасы ретінде мемлекеттік қызмет ардагері, Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, мүшелері ретінде мемлекеттік қызмет ардагерлері — Марат Құлмағамбетов, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов, «Қоғамдық даму орталығы» КММ ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Ғалия Ташкина, ҚР Әділет органдарының құрметті қызметкері Павел Трищ кірді. Кеңестің жиындарына мемлекеттік органдардың жаңа тағайындалған басшылары шақырылып, бейіндік саланы дамытуға қатысты өз көзқарастарымен бөлісе отырып, жұмысына қатысты ұсынымдар алады. Бұл диалог алаңдары тәжірибе алмасу және тиімді шешімдер қабылдау тұрғысынан өте тиімді.

Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы күн тәртібінен түспейтін толғамы терең мәселе. Оның сақталуы үшін аға буын өкілдері өзінен кейінгі ұрпақтың сұранысын түсінуі, елеп-ескеруі, ал, қазіргі цифрландыру заманында өзін суда жүзген балықтай сезінетін жас ұрпақ өзіне жүктелген миссияны дұрыс қабылдап, іске асыра алуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандарды одан әрі бейімдеу, кәсібилігін арттыру үшін олардың тәлімгерлерімен және мемлекеттік қызмет ардагерлерімен өзара байланысын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынуы тиіс. Бұл үшін олар жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Осы орайда, өзіміздің жұмысымызды одан әрі іскерлікпен жалғастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін боламыз.

Думан Әбілев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

spot_img
- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы тағайындалды

Ақмола облысы әкімінің өкімімен Мағжан Қайратұлы Ержан Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы болып тағайындалды. Мағжан Қайратұлы Еуразия технологиялық университетін, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар...

Ақмолада Мемлекеттік бюджетті атқару кезінде жемқорлық тәуекелдері бойынша бухгалтерлерге арналған семинар өткізілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаментімен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, білім беру және спорт саласындағы ұйымдардың бухгалтерлері үшін мемлекеттік бюджетті атқару кезіндегі сыбайлас...

296 фермердің 618 млн. теңгеден астам сомаға субсидия алу құқығы қалпына келтірілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызмет берушінің кінәсінен «Саны зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге және...

Көкшетауда Тұрлыхожа Базаровтың 75 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

1 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрлыхожа Базаровтың 75 жылдығына арналған «Күмбірлеткен кеудемді...

Ақмола облысында қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсатта пайдаланудың 21 фактісі анықталды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалануға тыйым...