Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің және Бурабай ауданы әкімдігінің басшылығы ҚР ҚПК 200-бабының негізінде енгізілген ұсыныс аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін онлайн режимінде қарады.
Бурабай ауданының әкімімен және аудан әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылығымен бейнеконференцбайланыс барысында жергілікті атқарушы органның басшы лауазымды тұлғасына, кәсіпкерлерге және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша ақпарат ұсынылды.
Құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Департамент жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне бақылауды күшейтуді, қызметкерлермен қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізуді, әкімдіктің мемлекеттік мекемелерінің бюджет қаражатын тиімді және уақтылы игеруіне тиісті бақылауды қамтамасыз етуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сапалы талдау жүргізуді ұсынды.
Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшысы Арман Рахимов онлайн-кездесуге қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы маңызды өзгерістерді түсіндіріп, бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін және ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі туралы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы туралы еске салды.
«Әкімдіктермен бірлесіп жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының арқасында ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардағы құқық бұзушылықтар саны қысқартылды. Осыған қарамастан, жыл сайын ЖАО-да іс жүзінде бірдей қылмыстар қайталанады, олардың көпшілігі ұрлық пен пара алуға байланысты. Соңғы үш жылдың ішінде Бурабай ауданы әкімдігінің бірнеше лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондықтан, мемлекеттік органдардың басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл бойынша алдын алу жұмысын және бағыныштылардың қызметіне бақылауды күшейтуге шақырамын», — деді Арман Рахимов.