Көкшетауда ҚР Халық артісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Есекеқызы Бағысова туралы жинақталған «Өмірлік өнер мектебім» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» өңірілік жобалау кеңсесінің ұйымдастыруымен Ақмола облыстық қазақ театрының 25 жылдығының және Халықаралық әйелдер күнінің қарсанында өткен іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сабитова, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова, Ш.Хұсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры Ғосман Төлеғұл, ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиев, алпыс жыл ғұмырын сахнаға арнаған тұлғаның өзі жайлы, өнері жайлы толғаған тағлымды кітабы туралы пікірлерін ортаға салды.
Кітапқа Жібек Бағысованың әсерлі, тағылымы мол естелік әңгімесімен бірге Көкшелік өнер, мәдениет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, журналистердің өнер тұлғасына деген жүрек жарды пікірлері, толғаныстары, тебіреністі жыр-өлеңдері енгізілген. Әсіресе тарлан ақын, жазушы, журналистер Төлеген Қажыбай, Баянғали Әлімжанов, Өмірзақ Мұқай, Иран Ғайып, Серік Жетпісқалиев, Ерболат Баятұлы, Байқал Байәділдің, Бақберген Амалбектің, ел азаматтары- Иран Тасқара, Мұрат Ыдырысовтардың жүрек жарды пікірлері, толғаныстары, жыр жолдары енгізілген.
Кітаптың құндылығын «Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ-музыкалық драма театрының сахнасынан сыр-суреттер», «Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ-музыкалық драма театрының сахнасынан сыр-суреттер», «Сахнадағы кейіпкерлерім», «Естен кетпес естеліктер», «Әріптестерім мен достарым», «Отбасым» сияқты бөлімдер арттырып тұр.
Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Өңірлік комиссиясының мүшелері атап өткендей, кітап оқырмандарына, әсіресе өнер сүйер жас буынға тағылымы мол, ғибратты дүние болып шыққан. Демек, бүгінгідей «Рухани жаңғыру» атты аса ауқымды ұлттық шаруа атқарылып жатқанда аталмыш кітаптың өнерге өмірін арнаған жас буынға берері мол. Кітап тек өнер адамдары емес, жалпы қалың оқырман қауымға да қызықты, тәрбиелік мәні зор.