Ақмола облысында өскелең ұрпақ арасында жоғары адамгершілік пен патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының онлайн-слеті өтті.
Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл өңірлік департаментінің басшысы Арман Рахимов жастарға сөз сөйледі. Ол қазіргі жастар бәсекеге қабілетті және дамыған мемлекет құруға қабілетті аға буынның мұрагері болуы керек екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамау мәдениетін ерте жастан қалыптастыру қажет. Сондықтан, мұндай іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартуды қалыптастыру және академиялық адалдық қағидаттарын нығайту шеңберінде жастар активімен ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі болуы тиіс. Бүгінгі слет сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың қуатты драйвері болуға дайын өңірдің ең белсенді жастарын жинағанына сенімдімін», — деді Арман Рахимов.
2 күндік онлайн-слет 3 кезеңде өтті, олардан өту үшін облыстың 2 қаласы және 19 ауданының оқу орындарының командалары «Адал ұрпақ» клубтарының визит карточкаларын ұсынды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта зияткерлік-танымдық викторинаға қатысты, сондай-ақ печа-куча форматында білім беру саласында парасаттылықты қалыптастыру бойынша жобаларды ұсынды. Слет қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Айта кетейік, эпидемиологиялық жағдайында облыстың белсенді жастары қатарынан ерікті мектеп және студенттік клубтар өкілдерінің жыл сайынғы облыстық слеті екінші жыл қатарынан онлайн-форматта өткізіліп келеді. Өңірде барлығы 551 «Адал ұрпақ» мектеп клубы жұмыс істейді.