Кеше облыс орталығының Болашақ сарайында ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасынан.
Алқалы жиынға Ақмола облысының әкімдігі мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мұрындық болды.
Конференция Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың кіріспе сөзімен басталды.
«Тәуелсіздік есімін айтуға да мүмкіндік бермеген ұлы тұлғаларымызбен қайта қауыштырды. Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес биыл баршамыз «Алаш» қозғалысының қайраткері, тіл білімінің атасы — Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтудеміз. Бүгінгі конференция еліміз үшін абыройлы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шаралардың бастауы болмақ», — деді өңір әкімі.
Сонымен қатар, облысымызда Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі форматтағы мәдени шаралар топтамасы өткізілуде.
Еліміздің өңірлерінен, сондай-ақ Түркия мен Өзбекстаннан қатысқан ғалымдар мен зерттеушілер Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын талқылап қана қоймай, өздерінің ғылыми ізденістерінің жемістерімен бөлісті. Олардың көпшілігі ақын мен ғалымның мерейтойына орай оның өмірі мен шығармашылығынан бұрын зерттелмеген беттерді аша алды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақмола облысында бір мектеп пен 22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Биыл Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының екі орта мектебіне, аудан орталықтары мен ауылдарының көшелеріне ғалымның есімі берілетін болады.