Тәртіп сақшылары ақмолалықтарды интернет-кеңістікте түрлі қызметтерді іздеген кезде мұқият болуды ұсынады. Алаяқтар азаматтардың сенімін жиі пайдаланады.
27 желтоқсанда Ақкөл ауданының полиция бөліміне 57 жастағы жергілікті тұрғын ағымдағы жылдың 18 маусымында белгісіз адам 21 мың теңге сомасында алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденгені туралы арызбен жүгінді.
Арызданушының айтуынша, «OLX» хабарландыру сайтында ол спутниктік антенналарды орнатумен және баптаумен айналысатын шебердің хабарландыруын тапқан. Хабарландыру авторымен сөйлескеннен кейін әйел антеннаны орнатқаны үшін 21 мың теңге сомасында алдын ала төлем жасап, «қызмет көретуші» хабарлаған нөмірге аударым жасаған.
Алайда уәде етілген қызметті күте-күте жалыққан ол полициядан көмек сұрады. Бұл факт ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Тергеу жүргізілуде.