Бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау шеңберінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізді.
Талдау барысында сатып алу бағасының медиандық бағадан асып кету фактілері анықталды, олар бойынша тапсырыс берушілердің атына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жоспарлаған тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге оңтайлы бағаларды қайта қарау және белгілеу ұсыныстарымен тиісті хаттар жолданды.
Мәселен, Степногорск қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы «Степногорск-водоканал» кәсіпорны сумен жабдықтау үшін полиэтилен құбырының құнын төмендету жолымен 5 502 336 теңге үнемдеді. Оны сатып алу бастапқыда жалпы сомасы 28 800 000 теңгеден немесе бір данасы үшін 30 000 теңгеден жоспарланған болатын.
Сондай-ақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі велосипедтерді жалпы сомасы 1 936 407 теңгеге немесе бір бірлігі үшін 387 281 теңгеге сатып алуды жоспарлаған, ал орташа нарықтық бағасы 107 000 теңгені құрайды. Департамент қызметкерлерінің ұсыныстарынан кейін ұйым мемлекеттік сатып алу бағасын төмендетті. Тауарды сатып алуға жоспарланған шығындардың үнемделуі шамамен 972 120 теңгені құрады. Сонымен қатар, мониторингтің арқасында мекеме үнемделген бюджет қаражатына қосымша велосипедтер сатып алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық реттелетін сатып алулар барынша ашық және тек қана Сатып алудың бірыңғай терезесі арқылы жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтті. Осы тапсырма шеңберінде мемлекеттік бюджетті тиімсіз пайдалануды болдырмау мақсатында Департамент сатып алуды жоспарлау сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін осы жүйе арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізеді. Бүгінгі таңда енгізілген ұсыныстардан кейін сатып алуға жоспарланған сатып алулардың жоғары бағаларын төмендету арқылы 225 миллионға жуық теңге үнемделді.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.