Үндістанның шығысындағы Одиша штатында бірнеше пойыздың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандар саны 288 адамға дейін өсті. 900 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат BBC News агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Шалимар-Коромандель» жүрдек пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00 шамасында рельстен шықты, бұл ретте оның бірнеше вагоны «Есвантпур-Хаора» экспресі жүретін басқа жолға түсіп кетті. Қарсы бағытта жүріп келе жатқан пойыз әуелі осы вагондармен, содан кейін жолда тұрған тағы бір жүк пойызымен соқтығысты.
Бұл – Үндістанда 1980 жылдардан бергі ең үлкен теміржол апаты. Жергілікті биліктің бағалауынша, құрбан болғандардың саны артуы мүмкін.
Апат болған жерге 200-ден астам жедел жәрдем көлігі келіп жетті, кезекшілікке қосымша 100-ден астам дәрігер жұмылдырылған.
Куәгерлердің айтуынша, тірі қалған жолаушылардың көпшілігі аударылған вагондарда қалған адамдарға көмекке келген. Құтқару жұмыстары жалғасуда.
Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, апат болған жерде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын және зардап шеккендер қажетті көмек алу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатқанын хабарлады.
Үндістандағы ең үлкен теміржол апаты 1981 жылы Бихар штатындағы циклон кезінде болған. Ол кезде жолаушыларға лық толы пойыз өзенге құлап, кем дегенде 800 адам көз жұмған.