Денсаулық сақтау саласындағы 33 ұйымда комплаенс-мамандар жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеттері — құқық бұзушылықтардың алдын алу, корпоративтік парасаттылық стандарттарын сақтау және ұйымның іскерлік имиджін қорғау. Бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту мәселелері бойынша семинарда айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Абай Жаналинов медициналық ұйымдардың басшылығы мен комплаенс мамандарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық өзгерістер туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету шеңберінде квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің шеңбері кеңейтілді. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары өз қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапты болады. Бұдан басқа, Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде квазимемлекеттік сектордың комплаенс-қызметтерінің жұмысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үйлестіруші рөлін күшейту көзделген. Атап айтқанда, өткен жылдың наурыз айында Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгі ережені бекітті.
«Тәуелсіз комплаенс бөлімшелерін құру және олардың тиімді жұмыс жасауы компания басшылары үшін басым бағыттардың бірі болуы тиіс, былайша айтқанда, бұл жерде «жоғарыдағы тон» маңызды. Ал денсаулық сақтау саласы ұйымдары үшін бұл мәселе өте өзекті, өйткені азаматтарымыздың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасы мен адалдығына байланысты», — деді Абай Жаналинов.
Спикер семинарға қатысушыларға компаниядағы парақорлықтың алдын алуға және корпоративтік мәдениетті арттыруға бағытталған ISO 37001 халықаралық стандартын енгізудің теориялық және практикалық аспектілерін түсіндірді.
Медициналық мекемелерде комплаенс-мамандардың біліктілігін үнемі арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу сапасын жақсарту қажеттілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде, ауруханалардың бірінің комплаенс бойынша маманы бір-біріне жақын туыстары болып табылатын және тікелей бағынатын медициналық мекеменің екі қызметкері арасында мүдделер қақтығысын анықтады. Комплаенс маманының қырағылығының арқасында мүдделер қақтығысы мәселесі шешілді.